Қазақстандықтар жиі баратын Таиландта билік туристерге жаңа шектеу енгізді

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Таиланд билігі Камбоджамен арадағы шиеленіскен жағдайға байланысты туристерге шекарадан өтуге уақытша тыйым салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Таиланд үкіметі Камбоджамен шекара арқылы жүріп-тұруға қатаң шектеулер енгізіп, шетелдік туристерге, саудагерлерге және қарапайым жолаушыларға арналған құрлықтағы бақылау-өткізу бекеттерінің басым бөлігін жапты. Бұл шара 2025 жылы 28 мамырда қарулы қақтығыс пен камбоджалық сарбаздың қаза болуына әкелген шекаралық даудың шиеленісуіне жауап ретінде қабылданды. Тараптар жағдайды жұмсарту туралы келісімге келгенімен, ахуал әлі де өте шиеленісті күйінде қалып отыр.

Екі ел билігі шекарадағы қауіпсіздікті күшейтсе, Бангкок даулы аумақтар арқылы өтетін жолдармен шығуға уақытша тыйым салу туралы шешім қабылдады.

Таиланд премьер-министрі Пэтонгтарн Чинават ресми мәлімдемесінде бұл тыйым басым емес санаттағы барлық тұлғаларға қатысты екенін растады. Шекарадан тек студенттер, ем қабылдауға мұқтаж науқастар және ең қажетті тауарлар үшін жолға шыққандар ғана өте алады.

Үкімет басшысы бұл шектеудің басты мақсаты – Камбоджаның шекара маңындағы казиноларына баратын адамдар ағынын азайту екенін айтты. Оның сөзінше, аталған казиноларда күмәнді әрекеттер болып жатады. Алайда іс жүзінде бұл көрші елге туристік сапарларға толық тыйым салу дегенді білдіреді.

Шекараны жабу туралы шешім даулы аумақтардағы қауіп пен қақтығыстар жалғасып жатқан тұста қабылданды. Дипломатиялық деңгейде жағдайдың тұрақтанып жатқаны айтылғанымен, шекарадағы әскерилер жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде, ал өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілген.