Қазақстанда 800 мың бас киікті ату ұсынылған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда киіктерді ату мәселесі әлі қызу талқыланып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киіктерді табиғи ортадан қанша мөлшерде алып тастау жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНША КИІКТІ АТПАҚ

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда бұл шешімге ғылыми негіздеме ресми түрде алынған.

- Бүгінде біз ұйымдастыру мәселелерін қарастырып жатырмыз. Бір-екі күнде нақты шешімді жариялаймыз деп ойлаймын. Ғалымдар жалпы популяцияның 20%-ын алып тастауды ұсынып отыр. Көктемгі санақ нәтижесінде ресми көрсеткіш – 3 978 000 бас. Демек, шамамен 800 мың бас киікті ату ұсынылып отыр. Жас ерекшеліктеріне байланысты да іріктеу қарастырылған. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деді министр.

КИІК ЕТІ

Министрдің айтуынша, мұндай ауқымды жою кезінде ет өңдеу мәселесі өте маңызды. Осыған байланысты елде арнайы инвестициялық жобалар қарастырылып, киік етін өңдейтін ет комбинаттарын салу жоспары пысықталып жатыр. 

- Қазіргі таңда алты шақты компания қызығушылық білдіріп отыр, – деді Нысанбаев.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Қазақстан киік популяциясын қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарған. Алайда бүгінде билік өкілдері мен кейбір сарапшылар бұл жануарлардың саны тым көбейіп, ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, тіпті адамның өзіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып отыр.