Атырау резерватындағы өрт қасақана қойылған болуы мүмкін

Сырым Қаржас
Фото: ТЖМ

Атырау облысындағы резерват аумағында болған өртке байланысты экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шәрібиев қасақана өртеу болжамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КІМ БАРДЫ

Ulysmedia.kz тілшісімен әңгімесінде вице-министр экология министрі Ерлан Нысанбаевтың өрт шыққан жерге бармағанын айтты. Оның орнына комитет төрағасының орынбасары жіберілген.

– Орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары өрт орнына барды. Ол – тәжірибелі орманшы, осындай жұмыстарды үйлестіре алатын маман. Министр бармады, себебі өрт үш күн ішінде тоқтатылды. Өздеріңіз білетіндей, 13 маусымда үш ошақтан өрт шыққан. Екеуі сөндірілді, біреуі оқшауланып, таралуы тоқтатылды. Біз сол жұмысты үйлестіру үшін комитет төрағасының орынбасарын жібердік, – деді Шәрібиев.

ҚАСАҚАНА ӨРТ ҚОЮ

Министрлік өкілінің айтуынша, қазіргі кезде қасақана өртеу нұсқасы негізгі болжам ретінде қарастырылып жатыр. Бірақ нақты жауап тергеу нәтижесінде белгілі болады.

– Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Біздіңше, бұл расымен де қасақана жасалған болуы мүмкін. Бір күнде бірден үш ошақ пайда болған. Бұл – кездейсоқтық емес. Нақты қорытындыны ТЖМ ұсынады, – деді вице-министр.

ӨРТ

Мамандарға "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өртті сөндіруге шамамен 10 күн қажет болды. Өрт қамыстың тұтануынан шыққан.