Иран МАГАТЭ-мен келісімді тоқтатты

Ulysmedia
Фото: Icana News Agency via ZUMA Press/picture alliance

Иран атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) әріптестікті тоқтатты. Бұдан былай МАГАТЭ инспекторлары елге кіре алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасының мәліметінше, 25 маусымда ел парламенті атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен әріптестікті уақытша тоқтату туралы құжатты мақұлдаған. Құжатты 223 депутаттың 221-і қолдаған.  

Парламент президиумінің төрағасы Әлирез Салими: «Егер Иранның ядролық нысандары мен бейбіт атом бағдарламасының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе, атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік инспекторлары елге кіргізілмейді» деді. Бұған дейін мәжіліс төрағасы Мохаммад Багер Галибаф бұл қадамды МАГАТЭ ұстанымының саясилануымен байланыстырған.

Осыған дейін МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Ираннан ядролық нысандар мен байытылған уранды тексеруді талап еткен. Оның сөзінше, Израиль шабуылды бастаған күні Иран МАГАТЭ-ге хат жолдап, ядролық техника мен материалдарды сақтау үшін қажетті шешімдер қабылданғанын айтқан. Бірақ Израиль мен АҚШ соққысынан кейін Иранның ядролық нысандары қандай жағдайда екенін белгісіз.

Бірқатар АҚШ басылымдары Пентагонның барлау қызметіндегі дереккөздеріне сілтеп, АҚШ атқылауынан Иранның ядролық бағдарламасы толықтай күйремегенін жазған. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп «шабуыл сәтті болды» деген.

13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандарын атқылауды бастаған. 22 маусымда оған Вашингтон қосылған. АҚШ Иранның үш бірдей ядролық нысанын бункерге қарсы бомбалармен атқылаған. Шабуылдан кейін Дональд Трамп «Иранның негізгі ядролық нысандары талқандалды» деген. Бірақ Тегеран оны жоққа шығарған. Иран билігі АҚШ-тың шабуылын растағанымен, «ядролық нысандар толықтай қираған жоқ» деген.

24 маусымда Иран да, Израиль де атысты тоқтатқанын мәлімдеген.