Жұмыс та, ақша да жоқ: қазақстандық қыз өзін Ресей полициясы қалай қысымға алғанын айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық қыздың банк карталары бұғатталып, Ресейде жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Журналист Кристина Думанова Ресейде заңды жүргеніне қарамастан, оны үш рет "бақылаудағы тұлғалар реестріне" енгізген. Ол – Ресейдегі Жоғары экономика мектебінің студенті әрі салық төлеп жүрген заңды тұлға.

АЙТА КЕТЕЙІК

"Бақылаудағы тұлғалар реестрі" – Ресейде болуға заңды негізі жоқ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар енгізілетін дерекқор. Бұл – ресейлік билік енгізген жаңа жүйе. Оның көмегімен мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер миграциялық заңнаманы бұзғандарды анықтай алады. Бұл базаға ену – елден шығарылу қаупін арттырады.

САЛДАРЫ 

Осы жүйеге іліккеннен кейін Кристинаның банк карталары бұғатталып, жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды. Себебі Ресейде заңсыз жүрген шетел азаматын жұмысқа алған жұмыс берушіге ірі көлемде айыппұл салынады. Қазақстандық студенттің айтуынша, бұл тізімге енгізілген сайын ол өзінің заңды жүргенін дәлелдеп, бұл тізімнен шығуын сұрауға мәжбүр.

– Мен – достас елдің азаматымын, Ресейдің үздік оқу орны – Жоғары экономика мектебінде оқимын. Соңғы бір ай бойы (мен сияқты құжаттары толыққанды ондаған студент те) банк картасы бұғатталған, жұмысқа тұра алмай, қалыпты өмір сүруден қалған күйде жүрміз. Мені негізсіз, жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен тізімге енгізді. Содан бері бірнеше күн сайын барып, тізімнен шығаруымды өтінуге мәжбүрмін, – дейді ол.

РЕСЕЙ ІІМ НЕ ДЕЙДІ

Ресейдің Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға көмектесе алмайтынын мәлімдеп отыр. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жүйе әлі толық іске қосылмаған. Сондықтан Ресейде заңды жүрген шетел азаматтары жүйе реттелгенге дейін осындай проблемаға тап болады екен.