Айтам дейтіндер бар: Әшімбаев заң бейбіт жиындарды өткізуге жағдай жасайтынына сенімді

Аян Өрібай
Шартты сурет

Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистердің бейбіт жиындарға қатысты қойған сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бейбіт жиындар жай ғана бару үшін өткізілмейді. Бұл – мақсат емес. Адамдардың жиналып, пікір білдіруге деген нақты қажеттілігі бар. Менің ойымша, қазіргі заңнама бұл үшін қажетті құқықтық жағдайларды жасап отыр. Жалпылама сұрақтарға жауап беру қиын. Егер нақты жағдай келтірсеңіздер – мысалы, мынадай күні мынадай әкімдік осындай белсендінің бейбіт жиын өткізу өтінішін қабылдамаған болса – біз мұндай жекелеген жағдайларды қарап, мән-жайды анықтай аламыз. Жалпы алғанда, заңнама толық әзірленген және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Қазір біздің көптеген заңдарымыз халықаралық талаптарға сай қабылданып жатыр. Бұл заң да соған жатады. Ал оның орындалуына келсек – нақты жағдайлар мен мысалдар бойынша тиісті органдар қарауға дайын, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

КОНТЕКСТ

2025 жылғы ақпанда Конституциялық сот жергілікті атқарушы органдардың бейбіт жиындар туралы хабарламаларды қарау құзыретіне қатысты норманы қайта қарауға негіз таппағанын мәлімдеген. Қолданыстағы заңға сәйкес, митинг, пикет немесе өзге де бейбіт жиын ұйымдастырмақ болған тұлға бұл туралы іс-шараға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын жергілікті әкімдікке хабарлама жіберуі тиіс. Алайда іс жүзінде белсенділер жиынды өткізуге жиі рұқсат ала алмайды, себебі әкімдіктер “белгіленген орындар аталған күндері бос емес” деген себеппен жиынды өткізуге тыйым салып жатады. Айта кетейік, бейбіт жиындар өткізу құқығы – Қазақстан азаматтарының негізгі саяси құқықтарының бірі.