1 доллар - 658 теңге: Қазақстан валютасының болашағына болжам жасалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Bank of America 2027 жылға дейінгі теңге бағамы бойынша болжамын жариялады. Валюта 1 долларға 530 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БОЛЖАМ

Bank of America сарапшыларының болжамынша, 2027 жылдың соңына қарай теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 530 теңге болады. Бұл 2025 жылдың маусым айының соңы үшін қалыптасқан шамамен 514 теңге деңгейінен небәрі 3%-ға жоғары. Сарапшылар бұл көрсеткіш теңгенің күрт ауытқусыз, біртіндеп әлсірейтінін білдіреді деп санайды.

Экономист Эльдар Шамсутдиновтың айтуынша, мұндай сценарий макроэкономикалық тұрақтылық, инфляцияны бақылау және ұлттық банктің сыртқы күйзелістерді жұмсартуға дайындығы жағдайында жүзеге асуы мүмкін.

БАСҚА ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЖАМЫ

Теңгенің орта мерзімді болашағына қатысты болжамды тек Bank of America ғана емес, басқа ұйымдар да ұсынған. Мәселен, ұлттық банк сарапшылар арасында жүргізген сауалнама негізінде 2027 жылға қарай доллар бағамы бойынша медианалық болжамды 550 теңге деп белгілеген.

Ал Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы теңгенің 545-ке дейін әлсіреуін 2025 жылдың соңына дейін күтіп отыр.

1 ДОЛЛАР 658 ТЕҢГЕ

Бұл арада, форвардтық келісімшарттар әлдеқайда пессимистік сценарийді негізге алуда. Олар бойынша 2027 жылы доллар 658 теңгеге дейін қымбаттайды деп болжанған. Бұл — шамамен 28%-дық девальвация болуы мүмкін дегенді білдіреді.

САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ

– Нарық саяси тұрақтылыққа негізделген макроэкономикалық модельдер ескермейтін белгісіздік үшін "премияны" алдын ала қосып отыр, – дейді Эльдар Шамсутдинов.

Оның айтуынша, ресми болжам мен нарықтық күтілім арасындағы мұндай алшақтық мұнай кірісінің азаюы, бюджеттің тапшылығы, қарыздың өсуі мен жаһандық тәуекелдердің күшеюі сияқты факторларға байланысты болуы мүмкін.