EXPO ғимаратынан неге бүкіл экспонаттарды шығарып тастады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

EXPO халықаралық көрме орталығы инновациялық шағын қалаға айналатыны жайлы ақпаратты цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер EXPO орталығының неге туристер үшін жабық тұрғанын және ішкі жөндеу жұмыстарының себебін сұрады. Жаслан Мадиев орталықтың оның министрлігіне өтетінін растады.

Дұрыс айтасыз. Үкімет KazExpoCongress компаниясын цифрлық даму министрлігіне беретін болды. Көшіру жұмыстары 1 шілдеден басталады. EXPO қалашығын одан әрі дамыту жоспары бар. Ол экономиканы алға сүйрейтін инновациялық кластерге, инновациялық қалашыққа айналуы тиіс. Қазір бұл аумақта табиғи түрде инновациялық экожүйе қалыптасып жатыр – онда цифрлық даму министрлігі, Astana Hub, Ұлттық ақпараттық технологиялар (ҰАТ), Astana IT University, АХҚО орналасқан, – деді министр.

Мәдиевтің айтуынша, сол жерде Alem AI атты Халықаралық жасанды интеллект орталығы да пайда болады. Қазір бұл нысанда толық реконструкция жүріп жатыр.

Барлық экспонат әкетілді, музейлерге таратылды. «Шар» енді сегіз қабаттан тұрады – қоғамдық кеңістік, жасанды интеллект музейі, AI-кинотеатр, балаларға арналған аймақ, іс-шаралар мен хакатондарға арналған кеңістік болады. Онда жасанды интеллект пен түрлі салаларға арналған экспозициялар қойылады. Бұл жер келушілерге жасанды интеллект идеясынан шабыт алуға мүмкіндік береді, – деп бөлісті министр.

ШЫҒЫНДАР

Министрдің айтуынша, ашылу салтанаты биыл қазанда өтетін Digital Bridge форумында жоспарланып отыр. “Нақты сома (шығын – ред.) әлі белгісіз, бұл – үздіксіз дамитын бағдарлама болады. Қаржыландыру демеушілік қаражат есебінен жүргізіледі. Республикалық бюджеттен ақша жұмсалмайды” деді Мәдиев.