Ресейлік ұшқышсыз аппараттың Одессадағы көпқабатты тұрғын үйге соққысы салдарынан екі адам қаза тауып, кемінде 14 адам жараланды, деп хабарлайды UIysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сенбіге қараған түні ресейлік дрон Одессаның орталығындағы тұрғын үйге соққы жасады. Одесса облысының басшысы Олег Кипердің айтуынша, шабуыл салдарынан екі бейбіт тұрғын қаза тауып, тағы 14 адам жарақат алды.
Зардап шеккендердің арасында үш бала бар, оның бірі ауыр хәлде. Соққы 21 қабатты үйге тиген. Украина ТЖМ жариялаған кадрлардан өрт сөндірушілердің түн ортасында адамдарды эвакуациялап, өртпен күресіп жатқанын көруге болады.
Айта кетейік, кейінгі апталарда Ресей дрондар мен зымырандар арқылы Украина қалаларына шабуылын үдетті. Бұл соғыстың басталғанына 3,5 жылдан асты.
Еске салайық, бұған дейін ҚР СІМ Украина дрондары Қазақстаннан Ресейге ұшырылып жатыр деген қауесетті жоққа шығарған еді.