Ақтөбе облысында ер адам мен оның немересі көлікпен бірге суға батып кетті

Сырым Қаржас
ашық дереккөзден

Ақтөбе облысында жоғалып кеткен ер адам мен немересін іздеу жұмыстары аяқталды. Олардың денелері суға батқан көліктің ішінен табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Қайғылы оқиға Хромтау ауданында болған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 25 маусым күні 65 жастағы ер адам мен оның кәмелетке толмаған немересінің жоғалғаны туралы хабар түскен. Олар Toyota Hilux көлігімен Құдықсай ауылынан Бозжыр өңіріне қарай шығып, оралмаған.

Келесі күні іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, оған сүңгуірлер жұмылдырылды.

ДӘЙЕКСӨЗ

— 26 маусым күні сағат 19:30 шамасында Құдықсай ауылы маңындағы Ор өзенінің арнасын тексеру барысында суға батқан көлік табылды. Сүңгуірлер көлік ішінен 2,5 метр тереңдікте, жағадан 4 метр қашықтықта баланың денесін алып шықты. Сонымен қатар көлік пен ер адамның денесі судан шығарылды, — деп хабарлады Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті.

Көліктің суға қалай түсіп кеткені әзірше белгісіз — оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында Қара Ертіс өзеніне үш адам батып кеткенін хабарлаған едік.