Иран астанасы Тегеранда маусымда Израильмен әуе соғысы кезінде қаза тапқан әскери қолбасшылар, ядролық ғалымдар мен бейбіт тұрғындарды жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Қала көшелеріне мыңдаған адам қара киіммен жиналып, марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салды. Мемлекеттік БАҚ мәліметінше, қаза тапқандардың арасында кем дегенде 16 ғалым және 10 жоғары лауазымды қолбасшы бар. Олардың қатарында Иран Қарулы күштері бас штабының бастығы генерал Мохаммад Багери, Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) қолбасшысы генерал Хосейн Салами және КСИР-дің аэроғарыш күштерінің басшысы генерал Әмір Әли Хаджизаде болған.
Марқұмдардың табыттары Тегерандағы Азади алаңына әкелінді. Олар ұлттық тумен және қаза тапқандардың суреттерімен көмкерілген. Жиналғандар туларын желбіретіп, табыттарға қол тигізіп, гүл жапырақтарын шашты. Иран телеарнасы көрсеткен кадрларда алаңда баллистикалық зымырандардың қойылғаны көрінеді. Кейінірек алаңда бүкілхалықтық дұға оқылды.
БИЛІК РЕАКЦИЯСЫ
Жерлеу рәсіміне Иран президенті Масуд Пезешкиян мен Жоғарғы көшбасшының кеңесшісі Али Шамхани қатысты.
— Бүгін иран халқы екі ядролық режимге қарсы ерлікпен төтеп беріп, абыройы мен қадір-қасиетін қорғап қалды. Олар болашаққа одан да зор мақтанышпен және табандылықпен қарайды, — деп жазды Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Telegram парақшасында.
Еске салайық, Израиль 13 маусымда Иранға қарсы әуе шабуылын бастап, ядролық нысандар мен жоғары шенді әскери қолбасшыларды, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды көздеп соққы жасаған. Бұл шабуыл – 1980-жылдардағы Иран-Ирак соғысынан бергі ең ірі соққы.