Белгілі мемлекет қайраткері Сергей Кулагин - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын серіктерінің бірі, табысты агробизнесменге айналды. Саяси сахнадан кеткеннен кейін де ол экс-елбасыға адал болып, оны мақтаудан танбайды.
ӨМІРБАЯН, ДАУЛАР, САУНА
Кулагиннің мансабындағы тағдырын шешкен сәт – 1993 жылы Қазақстан премьер-министрі Сергей Терещенконың орынбасары болып сайлануы. Бұл таныстық үлкен рөл атқарды: оның сенімді адамына айналған Кулагин өз қызметінен кетіп, бенефициары Терещенко болған «Интеграция-Целина» халықаралық қорын басқаруға кірісті. 1998 жылы Кулагин ауыл шаруашылығы министрі қызметін аз уақыт атқарып, кейін Ақмола облысының әкімі болды. Кулагиннің еңбек жолын зерттегенде, ол барған жерлерде жиі дауға толы жағдайлар туындағаны белгілі болды.
2004 жылдың наурыз айында ол Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды. Сол жылдың сәуірінде, оның келісімімен, Қостанай ауданының әкімі қызметіне бұған дейін Ақмола облысының Астрахан ауданының әкімі болған Геннадий Тюркин тағайындалды. 2008 жылы жергілікті тұрғын Мұқаш Шонов Тюркинге Кулагин мен оның үстінен шағым жазылған хатты Президент пен Бас прокурорға жіберем деп қорқытып, 20 миллион теңге талап еткен. Хатта әкім қызметтерін беру үшін Тюркиннің 100 мың АҚШ долларынан пара алғаны туралы мәліметтер келтірілген. Алайда Шоновты полиция тұтқындап, оны бопсалау бабы бойынша 2 жыл 7 айға соттады. Назар аударарлығы, бұл хат мемлекет басшысына жетпеген – ол поштада полиция тарапынан тәркіленген. Қостанайлық журналистер әлі күнге дейін Кулагин мен марқұм Тюркинді не байланыстырып тұрғанын болжай алмай жүр.
2011 жылы Қостанай облысы әкімінің аппараты басшысы Анатолий Твердохлебов, Кулагинге бағынышты болған, қаржы полициясы тарапынан тұтқындалды. Тергеу мәліметінше, Твердохлебов кәсіпкерден 170 мың доллар пара алған. Бұл іс бойынша облыстық экономика басқармасының басшысы да күдіктілер қатарында болды. Экс-аппарат басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы даудан кейін Кулагин әкім қызметінен кеткенімен, парламент сенатының депутаты болып сайланды.
2012 жылы Қостанай облысының бұрынғы әкіміне ұқсайтын адамның бейнесі Рудный қаласындағы Иоанн Богослов шіркеуінің күмбезіне салынған фрескада пайда болды. Бұл шіркеу жеке кәсіпорынның қаржысына салынған. Кейін бұл бейне тапсырыс берушінің өтініші бойынша салынғаны анықталып, фрескадағы келбет боялып тасталды.
2014 жылы Кулагин Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. 2015 жылғы қыркүйекте Көкшетау тұрғыны Дәулет Қуанышпаев әлеуметтік желіде қазақ драма театры әртістерінің үш облыс әкімі алдында саунада концерт қойғанын жазды. Бұл жазба қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алайда Кулагин бұл жағдайды «арандатушылық» деп атап, «Зерен» қонақүйінен келген бойда шығып кеткенін айтты.
2015 жылғы қазанда Есіл ауданына қарасты Калачи ауылы тұрғындарымен кездесу кезінде Кулагин ауылдықтарға қатқыл сөйлеп, «орындарыңа қоямын» деп қоқан-лоққы жасаған. Бұл жайлы ешкім білмей қалуы мүмкін еді, бірақ тұрғын әйелдердің бірі әңгімені диктофонға жазып алған. Жазба қоғамда кеңінен талқыланып, Кулагин сынға ұшырады. Соған қарамастан, ол қызметін сақтап қалды.
2016 жылғы маусымда Көкшетауда өткен Жер реформасы жөніндегі үкіметтік комиссия отырысында журналистер Кулагиннен отбасына тиесілі егістік жерлер туралы сұрады. Ол:
– Жер мәселесіне келсек, жасырмаймын – отбасымның иелігінде 80 мың гектар жыртылатын жер бар, – деп жауап берді.
2017 жылы наурызда ғана Кулагин әкім қызметінен босатылды.
ҚАНДАЙ БИЗНЕСТЕРІ БАР
Кеңес дәуірінде партия қызметкерлері зейнетке бір пәтермен немесе бір саяжаймен шығатын. Ал қазіргі элита ондай артықшылықтардан қағылғанымен, ештеңеден тарықпай өмір сүруге мүмкіндік беретін мол активтерге ие. Сергей Кулагин – сондай саяси ауыр салмақтылардың бірі. Оны мультимиллионер деуге болады.
Ашық дереккөздер мен «Adata.kz» сервисінің мәліметінше, 72 жастағы Сергей Кулагин Ақмола облысындағы бірқатар кәсіпорындардың иесі.
"Интеграция-Целина" ЖШС 2001 жылғы 13 қыркүйекте тіркелген. Қызмет бағыты – көлік жалға беру. Егіндікөл ауылында орналасқан. Құрылтайшылары – Сергей мен Галина Кулагиндер. 2009 жылғы 5 ақпаннан 4 тамызға дейін құрылтайшылар қатарында Қазақстан Үкіметінің бұрынғы басшысы Сергей Александрович Терещенко да болған. Жалпы салық төлемі – 59,9 млн теңге. «Forbes» журналының дерегінше, бұл серіктестіктің түпкілікті бенефициары – Сергей Терещенко.
"ИНТЕГРОИНВЕСТ" фирмасы ЖШС – жылжымайтын мүлікті жалға беру және пайдалану бағытында жұмыс істейді. Жалпы салық төлемі – 837 млн теңге. Иесі – «Интеграция-Целина» ЖШС. 2024 жылғы 11 сәуірден бастап құрылтайшы ретінде Сергей Кулагин көрсетілген.
"Аскоп" ЖШС бұршақ тұқымдас дақылдар өсіруге маманданған. Компанияны 2007 жылғы 14 қарашада Галина Кулагина ашқан. 2017 жылғы 17 мамырдан бері меншік иесі ретінде Сергей Кулагин көрсетілген. 2007–2008 жылдары құрылтайшылар қатарында Александр Кулагин де болған. Жалпы салық төлемі – 5 млрд теңге.
"Аскоп-Сервис" ЖШС ауыл және орман шаруашылығына арналған машиналар мен жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Құрылтайшылары – Кулагиндер отбасы: Сергей, Галина және ұлы Павел. Жалпы салық төлемі – 66 млн теңге.
"Гала-2009" ЖШС 2009 жылғы 31 шілдеде тіркелген. Негізгі қызметі – бұршақ тұқымдас дақылдар өсіру. Жалпы салық төлемі – 7 млн теңге. Компанияны Галина Кулагина құрған. 2023 жылдан бастап меншік иесі ретінде Сергей Боровиков көрсетілген.
2015 жылы Галина Кулагина Алматыда "Галафуд" ЖШС-ны ашты. Ол мейрамхана бизнесі мен азық-түлік жеткізуге маманданған. Алайда бір айдан кейін иесі Николай Кан болып ауысты. 2019 жылы меншік иесі – Сергей Боровиков, ал қазіргі уақытта – Алмат Үскенбаев. Жалпы салық төлемі – 34 млн теңге.
Тағы бір астық өндіретін кәсіпорын – "Знаменка-2010" ЖШС – бұрынғы шенеуніктің туған інісі Владимир Кулагиннің бастамасымен құрылған. Бірнеше ай бойы меншік иелері қатарында «Аскоп» ЖШС де болған. Қазіргі уақытта кәсіпорын қарызға белшесінен батып, мүлкіне бұғат салынған.
БАЛАЛАРЫ ӘКЕСІНІҢ ЖОЛЫН ҚУМАДЫ
Сергей Кулагиннің үш баласы бар. Ең үлкені – 49 жастағы қызы Светлана – медициналық институтты бітірген. Алайда Қазақстандағы коммерциялық құрылымдардың ешбірінде құрылтайшы ретінде тіркелмеген.
Ортаншы ұлы – 46 жастағы Александр – Брайтон университетінде және Мәскеудегі Азия және Африка институтында оқыған. Кіші ұлы – 39 жастағы Павел – МГУ мен Ресей Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған. Ашық дереккөздерде Светлана мен Александр туралы мәлімет жоқ, бірақ Павел әкесі секілді мемлекеттік қызметте бағын сынап көрген.
2013 жылы, небәрі 26 жасында, Павел Астанадағы Алматы ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл қоғамда туыстық байланысқа (непотизм) қатысты күмән тудырды. Журналистер бұл мәселеге қатысты пікір алу үшін Сергей Кулагинге жүгінген, алайда ол сұраққа ашулы жауап берген. Көп ұзамай Павел мемлекеттік қызметтен кетіп, кәсіпкерлікпен айналысты. Қазір ол – табысты кәсіпкер.
«Adata.kz» сервисінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап Павел «Макинский элеватор» ЖШС-нің құрылтайшысы атанды. Бұл компанияның салықтық төлемдері – 1,7 млрд теңге. Осы кезеңнен бастап ол «Вишневская нефтебаза» ЖШС-нің иесі болды. Оның салықтық түсімдері – 694 млн теңге, ал компания 506 млн теңгеге 532 келісімшарт жасаған. Бұған дейін бұл кәсіпорындардың құрылтайшысы «Интеграция Целина» ЖШС болған.
Кейін «Мониторинг плюс» ЖШС – автокөлік саудасына маманданған – 2010 жылы Қостанайда ашылған. Алғашқы құрылтайшысы Валерий Заикин болса, 2024 жылдың сәуірінде Павел Кулагин құрылтайшы ретінде тіркелді. Бұл компания 640 млн теңге салық төлеген.
Павел Кулагин сондай-ақ «Leto Almaty 2024» ЖШС мен «Аскоп-Сервис» ЖШС-нің құрылтайшыларының бірі болған.
Тағы бір дерек – 2023 жылғы 9 маусым мен 11 тамыз аралығында Павел «Аркада Индастри» ЖШС-нің меншік иелері қатарында болған. Бұл компания – қарқынды дамып жатқан Астана қаласына арналған қиыршық тас өндірісінің ірі жеткізушісі. Кәсіпорын Ирина Игнатущенко тарапынан құрылған, 2,5 млрд теңге салық төлеген.
Сондай-ақ Павел Кулагин Диана Кулагинамен бірге «LAPSHA ALMATY» ЖШС-нің иесі. Бұл компания – мейрамхана бизнесі мен азық-түлік жеткізуге маманданған. 2021 жылы құрылған бұл мекеме 103,8 млн теңге бюджетке аударған.
ИМПЕРИЯ ШАЙҚАЛА БАСТАДЫ МА
2022 жылғы дерек бойынша, аграрлық бағыттағы ElDala.kz сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, Сергей Кулагинге тиесілі «Аскоп» ЖШС Қазақстандағы ең ірі 100 агрохолдингтің қатарына кіреді және жалпы жер қоры 94 мың гектарды құрап, құрметті 16-орынды иеленген. Алайда қаңтар оқиғаларынан кейін бұл латифундист бірқатар жерінен айырылуға мәжбүр болды.
2022 жылы Қорғалжың аудандық соты «Аскоп» ЖШС-не 4362 гектар жер беру туралы әкімдік қаулысын заңсыз деп таныды. Бұл шешімді жоғарғы сот та күшінде қалдырды.
Сонымен қатар, Кулагиннің Бурабай курорттық аймағында да жер телімдері бар екені белгілі болды. Осыған байланысты Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті мен Президент істері басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Аскоп» ЖШС мен «Интеграция Целина» ЖШС-не қарсы жер мәмілесін жарамсыз деп тану туралы талап-арыз түсірді. Даулы телім «Светлый» санаториі маңында орналасқан. Талапкерлер бұл жерге бұғат салуды сұрағанымен, сот одан бас тартты. Қазір сот процесі жалғасып жатыр.
КІТАПТАР МЕН ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ
Көпшілік біле бермейтін жайт – Сергей Кулагин «Уәде етілген жер» атты кітаптың авторы, ол 2001 жылы Алматыда жарық көрген. Алайда бұл басылым ашық дереккөздерде қолжетімді емес, сондықтан оның әдеби қабілетін бағалау мүмкін болмай отыр.
Бұдан бөлек, бұрынғы шенеунік саяси ғылымдар кандидаты. 2000 жылы ол «Еуразияшылдық: идеясы мен даму болашағы. Еуразияшылардың мәдени-тарихи тұжырымдамасы (Ресей Батыс пен Шығыс арасында: өркениеттің рухани қырлары. Посткеңестік кеңістікті еуразиялық көзқараспен бағалау)» тақырыбында диссертация қорғаған.
Қазір Кулагин жұбайымен бірге Қазақстанда тұрады.