Қостанай қаласында кезекте тұрған азаматтарға 1 800-ге жуық жер учаскесі тегін үлестіріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жер телімдері Құнай ауданынан беріледі. ng.kz жазуынша, бұл қадамға баруға негізгі себеп - бірнеше жыл бойы бюджет есебінен тартылған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым пайдаланылмай бос тұруы. Қостанайда жеке тұрғын үй салуға жер алуға ниеттілер кезегі 40 мың адамнан асады.
ҚҰРЫЛЫС
1 792 жер учаскесі тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға ұсынылып отыр. Соның ішінде 124 учаскеде бірден дайын үйлер салынған: 55-і екі қабатты, 69-ы бір қабатты тұрғын үйлер. Бұл үйлерді азаматтар қолма-қол ақшамен немесе несиеге сатып ала алады. Үйлердің бағасы 29-32 млн теңге аралығында. Ал жер учаскесі жалға алу құқығымен тегін беріледі.
МАҢЫЗДЫ
Азамат учаскедегі құрылысты 3 жыл ішінде аяқтауға міндетті. Жерді қайта сату, уақытша баспана немесе саяжай салуға тыйым салынады. Тек капиталды үй салу қажет - бұл талап жерді жалға алу шартында көрсетіледі. Үй пайдалануға берілгеннен кейін ғана жер телімі тегін меншікке беріледі. Егер көрсетілген талаптар орындалмаса, жалға алу шарты бұзылып, жер басқа кезекте тұрған азаматқа ұсынылады.