Желіде Алматы облысының Қарасай ауданында баланы ит талап жатқан жерінен құтқарған адам жауапқа тартылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Облыстың полиция департаменті бұл дерекке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ
Журналист Серік Әбікенұлы оқыс оқиға туралы жазды.
- Алматы облысында 10 жасар баланы үш ит талаған. Жиырмадай ит бағатын питомниктің қақпасынан Питбуль, ротвейллерлер шығып кетіп, стадионда доп ойнап жүргендерге шауыпты. Азуға ілінген бір баланың тәнінен саутамтық жоқ. Серікбек (суретте) деген азамат иттермен арпалысып, қалтасындағы шаппасымен екі итті өлтіріп, баланы әзер құтқарады. Бала қазір жансақтау бөлімінде, тірі қалды. Айуандардың иесі мен ешкімнен кешірім сұрамаймын, ана иттерімді өлтірген адам құн төлесін деп талтайып тұр. Мәдениет үйі салынады деген жерден итбағар ашып алған мықтыны аудан әкімдігі енді ғана “байқап”, шара қолданбақ. Иттікті ит қана жасайды десек қателесеміз… Құлағы жұлынған, бет-аузы шайналған баланың жүзіне ертең қалай қарайды екен ит баққан мен баққызғандар?!, дейді журналист.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, желіде тарап жатқан «қабаған иттің шабуылын тоқтатқан тұрғынды жауапқа тартады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол азаматқа қатысты процессуалдық шешімдер қабылданбаған.
- ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабына сәйкес («Қажетті қорғаныс») оның әрекеті өзін-өзі қорғау мақсатындағы заңды әрекетке жатады. Заңға сәйкес өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндіретін шабуылды тойтару кезінде қажетті қорғаныс жағдайында зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды, дейді пеолицейлер.
Сондықтан, кәмелетке толмаған баланы қабаған иттердің шабуылынан құтқарған азаматтың әрекеті қолданыстағы заңнама нормаларын бұзбайды және құқықтық зардаптарға әкеп соқпайды.
- Бұл ретте, сотқа дейінгі тергеу аясында иттің иесінің әрекеті жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға беріледі. Қандай да бір заң бұзушылық белгілері анықталса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады, дейді полиция департаментінің өкілдері.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Еске салайық, Ұлысмедиа тілшісі оқиға орнында болып, Жалпақсайдағы жантүршігерлік жағдайдың жай-жапсарын анықтаған болатын.