Су тегінге сатылған «Баспалар үйі» мемлекет меншігіне қайтарылды

Ulysmedia
Фото; Нұржан Сәдірбекұлы, GOOGLE

Алматыдағы «Баспалар үйі» мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Алматы прокуратурасы таратқан мәліметке қарағанда, «Баспалар үйінің» 100 пайыз акциясы сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған.

– Алмалы ауданының прокуратурасы «Баспалар үйі» («Баспа үйі») АҚ акцияларының 100 пайызын мемлекет меншігіне қайтаруды қамтамасыз етті. 2016 жылы бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі құны 2,6 млрд теңге акцияларды жеке тұлға арзандатылған бағамен заңсыз жекешелендіріп алған. Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында прокуратура мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берді. Апелляциялық сатының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың прокуратураның талап қою талаптарын қанағаттандыру туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді, – делінген қалалық прокуратура таратқан ақпаратта.

Су тегінге сатылған “Баспалар үйі”

Аудиторлық есеп қорытындысына сәйкес 2016 жылы «Баспалар үйі» АҚ Ербол Назаров, МайрашМырзабекова және Жанар Рахметова есімді үш жеке тұлғаның иелігіне өткен. Екі жылдан кейін акционерлік қоғам «Sanur Smart Invest» ЖШС болып қайта құрылған. Оның 2018 жылдан бергі жалғыз құрылтайшысы Майраш Мырзабекова.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда құны 2,6 миллиард теңге болатын «Баспалар үйі» небәрі 343 миллион теңгеге сатылған. Ол уақытта мәдениет және спорт министрілігін Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарған.

Сотталған экс-министр

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы  2024 жылы «бюджет қаржысын жымқырды», «өкілетін асыра пайдаланды», «рейдерлік» баптары бойынша кінәлі деп танылып, сот шешімімен 11 жылға сотталған.