Ұлттық банк қазақстандықтардың банк шоты туралы ақпаратты не үшін жинайды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтардың шоттары мен салымдарына қатысты есептілікті жинаудың жаңа тәртібін енгізді. Бұл шараның не үшін қолға алынғанын реттеуші орган түсіндіріп, құпиялылықтың сақталатынына сендірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда шоттар мен депозиттер бойынша есептілікті ұсынудың жаңа нысандары мен мерзімдері күшіне енді. Ұлттық банк бұл өзгерістер тек қаржы ұйымдарының ішкі есеп беру жұмысына қатысты екенін атап өтті. Ұлттық банктің қаржы нарығы статистикасы департаментінің өкілі Елнұр Алтынбековтің сөзінше, жаңа ережелердің басты мақсаты - банктік шоттар мен салымдар бойынша бірыңғай дерекқор құру.

Бұл келесідей мүмкіндіктер береді: статистика мен талдаудың сапасын арттыру, нарықтағы өзгерістерді жедел бақылау, цифрлық құралдарды дамыту, салымдарды сақтандыру жүйесін жаңғырту.

Алтынбеков есептілік дербестендірілмейтінін, яғни азаматтардың жеке деректері бұл есепке кірмейтінін ерекше атап өтті. Банктер заң аясында, банк құпиясы мен жеке деректерді қорғау нормаларын сақтай отырып, тек жиынтық ақпаратты ғана жолдайтын болады.