Қазақстанда салынып жатқан атом электр станциясына (АЭС) байланысты радиоактивті қалдықтарды кімнің қадағалайтыны жөнінде экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әлиевтің айтуынша, бұл мәселе экологиялық кодекспен емес, арнайы заңмен реттеледі.
— Бұл жеке заңмен реттеледі. Қазір Атом энергетикасы агенттігі құрылып жатыр, және дәл осы орган құрылыс кезеңінен бастап, кейінгі пайдалануға дейінгі бүкіл цикл үшін толық жауапты болады. Радиоактивті қалдықтар мәселесі кез келген жағдайда мемлекеттік сараптамадан өтеді. Ұлттық заңнама аясындағы барлық талаптар ескеріледі. Сонымен қатар, МАГАТЭ талаптары да сақталады, – деді вице-министр.
РАДИОАКТИВТІ ҚАЛДЫҚ ДЕГЕН НЕ
Атом электр станциялары радиоактивті қалдықтардың көзі. Электр энергиясын өндіру барысында радиоактивті материалдар түзіледі. Мұндай қалдықтар адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, олармен жұмыс істеу мен сақтау процесі ерекше бақылауды талап етеді.