Ресей түрмесінде отырған 11 саяси тұтқын халықаралық көшбасшы елдердің басшыларына жазған хаты жарияланды. Онда тұтқындар «түрмеде өлім ауызында жатқан» тұтқындарды босатып алуды сұраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТҮРМЕДЕГІ 10 МЫҢ САЯСИ ТҰТҚЫН
3-ші шілдеде Reuters агенттігі Ресей түрмесінде отырған 11 диссиденттің халықаралық көшбасшы мемлекеттердің басшыларына жазған хатын жариялады. Онда олар түрмеде өлім ауызында жатқан саяси тұтқындарды дереу арада босатып алуға ықпал етуді сұраған.
– Біз санымыз кем дегенде 10 000 адам. Ресейлік саяси тұтқын мен кепілге алынған украиналық азаматтар. Біз бәріміз бір нәрсе үшін – азаматтық ұстанымымыз үшін жазаланғанбыз. Қазіргі Ресейде құқық қорғау ұйымдары толықтай құқық қорғаудың имитациясын жасайтын органдармен алмастырылған. , – делінген үндеуде.
Хат авторлары Ресей мен Украина билігін тез арада «барлығы барлығына» форматында тұтқын алмасуға үндеді. Хатта тұтқын алмасуға Ресей түрмесінде отырған Украинаның бейбіт тұрғындарын да қосу керектігін айтқан.
ХАТҚА ҚОЛ ҚОЙҒАНДАР
Хатқа Мәскеудің бұрынғы муниципалды депутаты Алексей Горинов, Новосібірлік студент Анна Архипова, «Правый сектор» белсендісі Владимир Домнин, студент әрі белсенді Дарья Козырева, соғысқа қарсы өлеңдердің авторы Артем Камардин, математик Азат Мифтаховтар қол қойған.
Бұған дейін, 25 мамырда «Новая газета» басылымының бұрынғы бас редакторы, Нобель сыйлығының иегері Дмитрий Мұратов Ресей мен Украина президенттеріне қайырылып, үндеу жасаған. Ол қос тарапты екі ел түрмесінде отырған бейбіт тұрғындарды босатып, тұтқын алмасуға шақырған. Ол осы уақытқа дейін тек әскери тұтқындар мен мәйіттерді алмасу процесі ғана болғанын айтқан.