Журналист Матаев шенеуніктерді қысым жасады деп айыптады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Әсет Матаев 2016 жылғы оқиғалар туралы пікір білдіріп, өзі мен әкесі Сейітқазы Матаевқа қарсы қозғалған қылмыстық іске тікелей қатысы бар деп есептейтін тұлғалардың есімін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚЫСЫМ: ОҚИҒА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

Журналист Әсет Матаев 2016 жылы өз әкесімен бірге атышулы қылмыстық істің басты фигурасына айналғанын еске салды. Оның айтуынша, сол кездегі қаржы полициясы төрағасының орынбасары Талғат Татубаев Қылмыстық кодекстің 65-бабы (Шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) бойынша кінәні мойындауға үгіттеп, бостандыққа шығаруға уәде берген.

Оның пікірінше, бұл оқиға нақты тергеудің емес, жоғарыдан түскен қысымның нәтижесі болған. Кейін бұл іске құқық қорғау органдарынан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен әкімшілік аппараттар да тартылған.

МАТАЕВ КІМДЕРДІ КІНӘЛАП ОТЫР

Әсет Матаев нақты есімдерді атады. Оның айтуынша, бұл іске Нұрлан Нығматулин, Қуанышбек Есекеев, Бауыржан Байбек, Асқар Жұмағалиев және Бағлан Майлыбаев сияқты лауазымды тұлғаларға жақын шенеуніктер араласқан.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком» өкілдері, Жоғарғы соттың баспасөз қызметі, Ақпарат комитетінің бұрынғы басшылары да аталды.

Матаев, әсіресе, Жоғарғы соттың сол кездегі баспасөз хатшысы Болат Қалиянбековті ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қалиянбеков құқық қорғаушы Тамара Калееваға Матаевтарды кінәні мойындауға көндіруге тырысуын өтінген. Кейіннен Қалиянбековке қатысты іс жабылған.

Айта кетейік, Болат Қалиянбеков қазір ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарады.

«БУМЕРАНГ» СИЯҚТЫ ОРАЛАДЫ

Әсет Матаев әкесін ұстағаннан кейін Татубаевтың изолятордан тікелей өзіне хабарласып, қоғамдық мәлімдемелерді тоқтатуды сұрағанын айтады. Істі жабуға уәде берген, бірақ ол уәде орындалмаған. Сол уақытта Татубаев БАҚ-қа сұхбат беріп, қоғамдық қысым жасауға тырысқан.

Матаевтың айтуынша, кейінірек Tengrinews басшысы Батыр Қазыбаев Матаевтар отбасынан кешірім сұрап, жарияланған материалдардың мазмұнына Президент әкімшілігінің ықпал еткенін айтқан.

«Мұның бәрін жазуымның себебі – тергеушілер, прокурорлар мен судьялар өз болашағын ойласын. «Бумеранг» секілді – ерте ме, кеш пе, бұл істің барлық қатысушысына қайта оралады деп сенемін», – деді Әсет Матаев.

Татубаевтың отбасына үндеу жолдаған журналист:

«Олар да біздің бастан өткергенімізді – суық күнде сәлемдемемен тұрудың не екенін, ұзақ кездесуге арналған бөлмелерді, өмірдің басқа да «қызықтарын» сезінсін», – деді.

Әсет Матаев — қазақстандық журналист әрі медиаменеджер. KazTAG халықаралық ақпарат агенттігінің тең құрылтайшысы, бұрынғы Ұлттық баспасөз клубының атқарушы директоры.

Еске салайық, ҚР Бас прокуратурасы 2025 жылғы 3 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтарында көзделген қылмысты (Азаптау) жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаевты ұстағанын хабарлады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, қосымша дәлелдемелерді жинауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.