Трамп TikTok-ты сату жөнінде Қытаймен келіссөздер жақын арада басталатынын мәлімдеді

Сырым Қаржас
AP

АҚШ президенті Дональд Трамп келесі аптада TikTok қолданбасын сату мәселесі бойынша Қытаймен келіссөздер бастайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оның айтуынша, аталған видеосервис активтерін тапсыру туралы келісімге іс жүзінде қол жеткізілген.

– Дүйсенбі немесе сейсенбі күні талқылауды бастаймыз деп ойлаймын – мүмкін төраға Симен немесе оның өкілдерімен. Негізінен, бізде келісім бар, – деді Трамп журналистерге президенттік ұшақ бортында.

Сондай-ақ, ол ҚХР басшысымен жеке кездесу де болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Тараптар АҚШ пен Қытайға сапарлар жөнінде өзара шақырулармен алмасқан.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, маусым айында Трамп үшінші рет қытайлық ByteDance компаниясына уақыт беріп, TikTok-ты 17 қыркүйекке дейін сату немесе АҚШ аумағында жұмысын тоқтату туралы міндет жүктеген.

Бұған дейін TikTok-тың АҚШ инвесторлары басқаратын жаңа компанияға айналуы туралы бастама талқыланған, бірақ Қытай тарапының қарсылығынан кейін мәміле тоқтап қалған.

TikTok ресми мәлімдемесінде Трамп пен вице-президентке қолдау білдіріп, келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін айтты.