Орталық Еуразияның жауһары: Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Тоқаевтың сөзінше, мұның символдық мәні зор. Қазақтың қасиетті қара домбырасы Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасын әйгілейді.

–  Ал елордамыз Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды өсіп-өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі, – деді Тоқаев.

Бүгінде Астана – еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасы. “Дәл осы жерде халықтың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданады, озық идеялар іске асырылып, биік мақсаттар орындалады. Мұнда білімпаздық пен еңбекқорлық құндылықтары берік орнығып, жұртымыздың ынтымағы мен келісімі нығая береді”.

– Астана Орталық Еуразияның жауһары, заманауи Қазақстанның келбеті саналады. Халықаралық қауымдастық бас қаламызды бітімгершілік бастамаларды жүзеге асырып, жаһандық диалог орнату ісінде ерекше рөл атқаратын бейбітшілік шаһары ретінде біледі. Елордамыз әрдайым түбегейлі өзгерістер мен ауқымды реформалардың бастауында тұрады. Алдағы уақытта да Астанамыз Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы жалпыұлттық жаңғыру жұмыстарына ұйытқы бола береді деп сенемін, – деді президент.

Тоқаев қаланың одан әрі өркендеуін, ал қазақстандықтарға зор денсаулық, бақыт пен бақ-береке тіледі.