Украина өз қаруын шетелде өндіре бастайды – Зеленский мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
aa.com

Украина президенті Владимир Зеленский украин қаруын шетелде өндіру бойынша халықаралық келісімдерге қол қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Зеленскийдің айтуынша, Украина Даниямен бірлескен қару-жарақ өндірісін осы ел аумағында іске қосу туралы алғашқы жобаны бастауға уағдаласқан.

Сонымен қатар АҚШ-пен украин армиясы үшін дрон өндірісін ауқымды түрде ұлғайту туралы келісімге қол жеткізілген.

ДӘЙЕКСӨЗ

— Біз Дания аумағында жұмыс істейміз — бұл біздің бірлескен жобамыз және украиналық өндірістің шетелдегі алғашқы маңызды мүмкіндігі болмақ. Бұл тек бастамасы — мұндай келісімдер жалғасын табады. Әңгіме дрондар мен Украинаға аса қажет басқа да қару түрлері туралы болып отыр. Дрондарға келсек, біз АҚШ тарапымен бірлескен күш-жігерді айтарлықтай арттыру туралы келісімге келдік. Украина биылдың өзінде ерекше шарттармен жүздеген мың дрон алады, ал келесі жылы бұдан да көп жеткізіледі. Оның ішінде қазір біз үшін басымдыққа ие — тосқауылдаушы дрондар бар, – деп жазды ол.

Зеленский дрон өндірісімен айналысатын украин мемлекеттік құрылымдары, қорғаныс күштері мен жекеменшік компаниялар апта сайын нәтиже көрсетуі тиіс екенін атап өтті: тосқауылдаушы дрондардың шығарылымын арттыру, операторларды көбірек даярлау және олардың тиімділігін күшейту міндеті тұр.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыстың қашан аяқталатыны туралы сұраққа жауап берген еді.