Атырау вагон жасау зауыты мен TEXOL компаниясының жұмысшылары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ақ Жайық басылымының жазуынша, жұмысшылар өз хатында тіл теңдігі мен діни сенім бостандығына қатысты мәселелерді көтерген. Олар жұмыс орнындағы әділетсіздікке шағымданып, зауытта қызметкерлердің басым көпшілігі қазақ болғанымен, басшылық мемлекеттік тілді білмейтінін айтқан. Бұл өзара қарым-қатынасты қиындатып отыр дейді.
Хат авторлары басшылыққа мемлекеттік тілді, қажет болған жағдайда орыс тілін білетін азаматтар тағайындалса деген өтініш білдірді.
Сонымен қатар, жұмысшылар ислам мерекелері кезінде жеткілікті қолдау көрсетілмейтінін және жұма намазға баруда қиындықтар болатынын жеткізген. Олар аптасына бір рет — жұма күні — намаз оқу үшін бір сағат бос уақыт пен шағын тыныш бөлме бөлуді сұрап отыр.
ДӘЙЕКСӨЗ
— Конституцияда мемлекеттік тіл — қазақ тілі екені анық жазылған. Алайда бізде ана тілімізде еркін сөйлеуге мүмкіндік жоқ.
Жұма күндері бір сағатқа болса да жұмыстан босатуды және намаз оқу үшін шағын, тыныш бөлме бөлуді сұраймыз. Бұл өндірістік жұмысқа кедергі келтірмейді, керісінше, моральдық рухты нығайтып, еңбекке адалдықты арттырады.
Тілге, дінге, мәдениетке деген құрмет — мемлекетке деген құрмет. Сіз, құрметті президент, жариялаған «Әділетті Қазақстан» қағидатына сенеміз. Сондықтан заң аясында құзырлы органдардың араласуын сұраймыз, – делінген хатта.
Ulysmedia.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты түсінік алу үшін Атырау облыстық еңбек инспекциясы мен TEXOL компаниясының баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.