Қазақстанда қарасорадан ресми құжаттар жасалынбақ

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанда техникалық қарасорадан қағаз шығаратын өнеркәсіптік өндіріс іске қосылуы мүмкін. Бұл өнім елдің жаңа экспорттық тауарына айналуы ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сөз жоғары дәрежеде қорғалған қағаз туралы болып отыр, оны паспорт, жеке куәлік және басқа да ресми құжаттарға арналған бланкілерді дайындауда пайдалану көзделуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта инвестор Солтүстік Қазақстан облысынан зауыт салуға арналған жер телімін қарастырып жатыр.

- Әзірге өндіріс басталған жоқ. Қазір инвестор зерттеу жүргізіп, жер таңдап жатыр. Өндіріс технологиясын да қарайтын болады, деді Сұлтанов.

Оның айтуынша, техникалық қарасорада есірткілік заттар болмайды, сондықтан оны Қазақстанда өсіруге және пайдалануға рұқсат етілген. Қағаздан бөлек, одан майдан бастап құрылыс материалдарына дейін түрлі өнім түрлерін шығаруға болады. Дегенмен, экспортқа бағытталған негізгі өнім ретінде дәл қағаз өндірісі қарастырылып отыр.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, сәуірде мәжіліс өндірістік мақсаттағы қарасораны өсіруге рұқсат беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. 

Мәжіліс отырысында депутат Никита Шаталов ішкі істер органдары өндірістік қарасораны қалай бақылауға алатынын сұрады. Ол бұл қадам жаңа арзан есірткі түрінің пайда болуына әкеп соқпай ма деген алаңдаушылық білдірді.