Украина билігі «Шахед» ұшқышсыз аппараттарының ішінде табылған қытайлық бөлшектерге байланысты бес Қытай компаниясына қарсы санкция енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тиісті жарлыққа Украина президенті Владимир Зеленский қол қойды. Санкциялар 10 жыл мерзімге енгізіліп, активтерді бұғаттау, сауда операцияларына тыйым салу және басқа да шектеу шараларын қарастырады.
Санкция салынған компаниялар қатарында Ningbo BLIN Machinery Co., Ltd және Suzhou ECOD Precision Manufacturing бар. Украин тараптың мәліметінше, бұл кәсіпорындар 2024–2025 жылдары санкцияға іліккен ресейлік зауыттарға өз өнімдерін жеткізген.
САНКЦИЯЛЫҚ САЯСАТ
Украина президентінің санкциялық саясат жөніндегі уәкілі Владислав Власюктың айтуынша, бұл компаниялардың бөлшектері Киевке жасалған шабуылдан кейін табылған дрондардың ішінде анықталған. Украина қазір халықаралық серіктестерімен бірге санкциялық коалицияны кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр. Мақсат — мұндай компанияларды жаһандық нарықта «улы активтерге» айналдыру.
Власюк тек бірнеше елдің өзі шектеу шараларын енгізсе де, бұл санкцияларды айналып өтіп жүрген қытайлық жеткізушілер үшін бизнес жүргізуді айтарлықтай қиындата алатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізген еді. Ол кезде тізімге криптовалюта және қаржы құрылымдарын қоса алғанда, 133 жеке және заңды тұлға енген.