8 шілдеде Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Ауғанстанда 2021 жылдан бері билікте отырған «Талибан» исламшыл қозғалысының екі жетекшісін тұтқындау туралы ордер берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Халықаралық қылмыстық сот «Талибанның» рухани көсемі әрі Ауғанстанды іс жүзінде басқарып отырған Хайбатулла Ахундзада мен Жоғарғы сот төрағасы Абдулхаким Хакканиді қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Оларға елдегі әйелдерді жынысына бола қудалағаны үшін адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деген айыптар тағалған.
Сот шешімінде бұл екеуі "Талибан" енгізген қатаң ережелерді бұзды деген желеумен ауған әйелдері мен қыздарына және "Талибан" қойған талаптарға сай келмеді деп есептелетін басқа да адамдарға қарсы қылмыстар жасады деуге негіз бар екені айтылған.
ПРОКУРОР ТАПСЫРЫСЫ
Халықаралық қылмыстық сот прокуроры Карим Хан Ахундзада мен Хакканиді тұтқындау жөнінде ордер беру жайлы өтінішті 2025 жылы қаңтарда тапсырған. "Талибан" 2021 жылы Ауғанстанда билікке қайта келгеннен кейін әйелдердің құқықтарын күрт шектеп, өз іс-әрекеттерін шариғат талаптарына сай деп түсіндірген.
РИМ СТАТУТЫ, ТАЛИБАН ЖӘНЕ РЕСЕЙ
Ауғанстан формалды түрде Рим статутына қосылған ел болып саналатындықтан, ХҚС құқығы құзіреті оған жүре алады. Алайда ол келісімге Ауғанстанның бұрынғы үкіметі қол қойған, кейін билік «Талибан» қозғалысының қолына өткен. Прокурор Ханның мәлімдемесіне байланысты «Талибан» әзірге пікір білдірген жоқ.
Биыл 3 шілдеде Ресей «Талибан» қозғалысы жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекет болды. Бұл шешімнің алдында Ресейде «Талибанға»қатысты бұрын қабылданған тыйымның күшін жойып, оны террористік ұйымдар тізімінен алып тастаған.