ІІМ өкілі орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте министрлік интим-қызмет көрсететін сайттарды үнемі бұғаттап отыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ЖЕДЕЛ БҰҒАТТАЙМЫЗ”
Ulysmedia.kz тілшісі интим-қызметке қатысты атышулы сайттардың әлі де жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Іздеу жүйесінде бірден бірнеше "нұсқасын" оңай табуға болады.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, ведомство мұндай ресурстарды жедел анықтап отырады.
– Мұндай сайттар мен олардың атаулары жиі өзгеріп тұрады. Біз кейде байқамай қалуымыз мүмкін. Біз сайтты бұғаттасақ, алаяқтар басқасын ашады. Атауын өзгертіп жібереді. Біз мұндай сайттарды күн сайын бақылап, мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдаймыз. Олар бұғаттау шараларын жүргізеді, – деді ол.
Жандос Сүйінбайдың сөзінше, мұндай сайттардың барлығы жедел түрде бұғатталады. Ал неге қайта пайда бола береді деген сұраққа ол сайт иелері домен атауын жиі ауыстырып отыратынымен түсіндірді.