Қазақстанның сыртқы қарызы 170,5 млрд долларға жетті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның сыртқы қарызы 170,5 млрд долларға өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қазақстан Республикасының сыртқы қарызы 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 170,5 млрд АҚШ долларын құрады, жыл басынан бері 5,7 млрд долларға артты.

- 2025 жылдың I тоқсанында сыртқы қарыз төлем балансы операциялары есебінен 3,4 млрд долларға, сондай-ақ валюталық, құндық және өзге де өзгерістер есебінен 2,3 млрд долларға ұлғайды, делінген хабарламада.

Қазақстанның сыртқы қарызы құрылымында бастапқы өтеу мерзімі бойынша 87,1%-ы ұзақ мерзімді (1 жылдан астам) сыртқы қарызға тиесілі. 

Қазақстанның сыртқы қарызының қаржы құралдарының түрлері бойынша құрылымында резидент еместерден тартылған несиелер мен қарыздар (71,9%) және резидент еместердің қолындағы борыштық бағалы қағаздар (9,3%) басым.