Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болған

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстандықтарға жаңа алаяқтық схемалары туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.

УӘДЕГЕ СЕНІП, АҚШАСЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Алматы облысының тұрғыны бейтаныс әйелдің «кепілдендірілген» грант беремін деген уәдесіне сеніп, екі миллион теңгесінен айырылды. Алаяқ өзін Альбина деп таныстырып, бизнес ашуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға көмектесемін деп сендірген.

Алайда шын мәнінде ешқандай грант болмаған. Алаяқ әйелдің әрекетінен келген жалпы шығын 30 миллион теңгеден асқан. Оның құрбандарының қатарында — Алматы облысының тұрғыны Бағдат Төлемісова бар. Ол алаяққа сеніп, өзі мен ұлының атына екі несие рәсімдеп, барлығы 2 миллион теңге берген.

– Ол: «Он күнде бәрі дайын болады, қайтарымсыз грант аласың», – деді. Мен бір миллионды ұлымның атына, тағы бір миллионды өз атымнан рәсімдедім. Екі миллион теңгені беріп жібердім. Барлығы он минуттың ішінде болғаны – әлі де түсініксіз. Енді ақшамды қайтарғым келеді, – деді жәбірленуші.

ГРАНТ ТЕГІН РӘСІМДЕЛЕДІ

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік грант рәсімдеу – тегін және ашық процесс. Өтініш беруші Enbek.kz порталы арқылы немесе ХҚО-ға барып, өтініш тапсыра алады.

Алайда тұрғындардың ақпараттанбауы алаяқтарға оңтайлы мүмкіндік туғызып отыр. Кәсіп бастауға ниетті азаматтар алаяқтардың арбауына түсіп жатыр.

ТЕРГЕУ

Алматы қаласының полициясы бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Департамент мәліметінше, биыл Алматыда интернет және телефон арқылы жасалған 2500-ден астам алаяқтық тіркелген, соның 70%-ы ашылған.

– Қазір алаяқтар көбіне қашықтан әрекет етеді және әлеуметтік инженерия әдістерін жиі қолданады. Күн сайын интернет алаяқтығының жаңа түрлері шығып жатыр. Ең көп таралған тәсіл – құқық қорғау органдарының, банктің не пошта қызметкерінің атынан хабарласып, түрлі сылтаумен CVV-код, шоттар мен жеке мәліметтерді алдыру. Бұл — құпия ақпарат, оны үшінші тарапқа беруге болмайды, – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫ

Сонымен қатар қаржы пирамидалары да халықты алдаудың кең таралған түрі болып отыр. Биылдың өзінде Қаржылық мониторинг агенттігі пирамидаға қатысты 90-ға жуық іс қозғап, жалпы залал 700 миллион теңгеден асқан.