«Азаттық» радиосы Қазақстан сыртқы істер министрлігін сотқа берді

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

«Азаттық» радиосы Қазақстан сыртқы істер министрлігін сотқа берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Азаттық» радиосы жеті қызметкерінің аккредитациясын ұзартудан бас тартқаны үшін сыртқы істер министрлігін сотқа берді.

Басылым мәліметінше, 14 шілдеде Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Масс-медиа» туралы заңның 30-бабының 4-бөлігі бұзылғанын айтып, Азаттық радиосының жеті қызметкерінің аккредитациясын ұзартудан бас тартатынын айтқан.

Басылым аккредиттеу мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын, яғни 2025 жылғы 13 және 14 ақпанда «RFE/RL-Қазақстан» директоры СІМ-нің ресми электрондық мекенжайына жеті журналисті аккредиттеу туралы өтініш жіберген дейді. Құжаттарды министрлік алған.

Ережеге сәйкес, ведомство оларды екі ай қарап, аккредитация беру немесе себептерін негіздей отырып бас тарту туралы шешімді жазбаша хабарлауы керек болған.

– Құжаттарды қарау мерзімін ұзарту жасанды және негізсіз сипатта болды... ҚР СІМ тарапынан құжаттардың уақтылы қаралмауы және осы мерзімдердің әдейі кешіктірілуі, құжаттардың уақытылы берілуіне қарамастан, журналистер аккредитациясының аяқталуына әкеліп соқтырды, – делінген RFE/RL-Қазақстан талабында.

Заңның 30-бабының 4-бөлігіне сәйкес, тиісті аккредиттеусіз шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен шетелдік журналистерге ел аумағында кәсіби журналистік қызметпен айналысуына тыйым салады. Азаттық радиосының пікірінше, тыйым шетел азаматтарына қолданылады, ал «RFE/RL-Қазақстан» жеті қызметкері шетел азаматы емес.

– Бұл тұлғалар шетел азаматтары емес, Қазақстан Республикасының азаматтары. Талапкер мен оның журналистері, Қазақстан Республикасының азаматтары арасында еңбек қатынастарының болуы оларды шетел журналистері қатарына қосуға келмейді, – делінген талапта.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін де «Азаттық» радиосының журналистеріне аккредитация беруді бірнеше рет кешіктірген. 2024 жылы қаңтарда «RFE/RL-Қазақстан» СІМ сотқа берген. Кейіннен тараптар медиациялық келісімге келген. Журналистерге аккредитация берілген.