Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының комиссия директоры болып тағайындалды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының комиссия директоры лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) ресми түрде Қазақстан президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайды Жаңа технологиялар және жоғары жетістіктер жөніндегі комиссияның директоры етіп тағайындағанын хабарлады.

КОМИССИЯ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

IJF мәліметінше, бұл комиссия заманауи технологияларды енгізу және оларды этикалық тұрғыда қолдану мәселелерімен айналысады. Оның мақсаты – спортшылардың мүддесін қорғау, әлемдік дзюдо қауымдастығының дамуына үлес қосу және спорттық нәтижелерді арттыру.

Сонымен қатар, комиссия ынтымақтастықты нығайтуға, инновацияларды дамытуға және дзюдоны әлеуметтік дамудың жаһандық құралы ретінде ілгерілетуге ықпал етеді.

ЖЕЛДІБАЙ ТУРАЛЫ

Руслан Желдібай 2025 жылғы 17 ақпаннан бастап Қазақстан президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ол ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі президенттің көмекшісі болған. 2023 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында – Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарған.