Олеся Кексель азаптау ісі бойынша қозғалған істе күдікті деп танылды

Ulysmedia
Фото: Informburo.kz

Бұрын Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

– 2025 жылғы 4 шілдеде Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігінің 1-ші және 2-тармақтарына сәйкес ("Азаптау") көзделген қылмысты жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И.-ні күдікті деп таныды, – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Прокуратура тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін жазған. Кексельден өзге іс бойынша кімдердің күдікті екені беймәлім.

Татубаев пен Кексель

Олеся Кексель 3 шілдеде ұсталған. Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаев азаптау бабы бойынша қозғалған істе күдікті деп танылғаны айтылған.

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің мәліметінше, Талғат Татубаев азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында екі айға қамауға алынған.

Талғат Татубаев пен Олеся Кексель бір іске қатысты күдікті санала ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Бірақ бұл екеуі бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюрода бірге лауазымды қызмет істеген. Кексельдің өзі я заңды өкілдері бұл жайтқа қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.

Даулы істер мен лауазымды қызмет

Олеся Кексель 2018-2019 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Кейін Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметін басқарған.

Кексель Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі сияқты Қазақстандағы ірі даулы істер бойынша тергеу тобына жетекшілік еткен.