Ресей билігі жазушы Борис Акунинді сырттай 14 жылға соттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мәскеудің екінші Батыс округтік әскери соты жазушы Борис Акунинді сырттай 14 жылға бас бостандығынан айырды. Оған терроризмге жәрдемдесу, терроризмді ақтау және «шетел агенті» ретінде заңда көрсетілген міндеттемелерді орындамады деген айыптар тағылған. Бұған қоса, сот жазушыға 400 мың рубль айыппұл салып, жазасын өтегеннен кейін 4 жыл бойы интернет-сайттарды басқаруға тыйым салды.
Прокурор соттан Акунинді 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Жазушыға тағылған айып
Прокуратура Борис Акунин 2025 жылғы 11 қаңтар мен 24 сәуір аралығында Telegram-арнасында «шетел агенті қызметіне» қатысты екенін көрсетпестен кемінде 33 материал жариялап, заң бұзды деген.
Акунинге «терроризмді ақтау» айыбы 2024 жылғы 18 ақпанда жазушының Telegram-арнасында жариялаған жазбасына байланысты тағылған.
– Қазір мен революцияны қолдаймын, өйткені диктатурадан басқа жолмен құтылу мүмкін емес. Сайлау жоқ және болмайды да, режим қарсыластарын өлтіреді немесе түрмеде шірітеді. Иә, революция — бұл жарылыс. Бірақ тарихта жарылыстан өзге жолмен тазартуға келмейтін қопарылыстар болады, – деп жазған іс қозғауға себеп болған жазбада Акунин.
Қазіргі кезде Борис Акунин Францияда тұрып жатыр. Ол өзіне қарсы қозғалған іс бойынша Ресейдегі сот процесіне қатыспайтынын, оны мойындамайтынын және «арзан қойылым» деп есептейтінін мәлімдеген. Ресей билігі оған қорғаушы етіп тағайындаған адвокат сотта жазушының кінәсіз екенін айтқан.