Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Азаттық» радиосының тағы 9 қызметкерін аккретиттеуден бас тартты. Бұл жөнінде басылымның өзі жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
«Азаттық» радиосы таратқан ақпаратта сыртқы істер министрлігі редакцияға жіберген хаттан үзінді жарияланған. Онда «Азаттық» радиосы «Масс-медиа туралы» заңды жүйелі түрде бұзуына байланысты аккретиттеу берілмегені айтылған.
– Мұндай шешім қабылдауға [Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қазақстандағы] өкілдігінің Қазақстан Республикасы заңнамасын, нақты айтқанда, «Масс-медиа туралы» заңның 30-бабының 4-тармағын жүйелі түрде бұзуы себеп болды, – делінген хат үсіндісінде.
Өткен аптада «Азаттық» радиосы 7 тілшісіне аккредитация бермегені үшін сыртқы істер министрлігін сотқа берген. Осылайша, аккредитация берілмеген тілшілер саны 16-ға жеткен.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін де «Азаттық» радиосының журналистеріне аккредитация беруді бірнеше рет кешіктірген. 2024 жылы қаңтарда «RFE/RL-Қазақстан» СІМ сотқа берген. Кейіннен тараптар медиациялық келісімге келген. Журналистерге аккредитация берілген.