«Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігінің әрекетін айыптады

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

«Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to protect journalists, CPJ) Азаттық радиосының 16 тілшісіне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

– Біз Қазақстанның Азат Еуропа/Азаттық радиосының 16 тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешімін айыптаймыз. Былтырғы Азат Еуропа/Азаттықтың 36 тілшісін аккредитациядан айыру жағдайы қайталанып отыр. Мұндай негізсіз қадам басылымды танымал және жоғары бағаланатын репортаждары үшін жазалау сияқты көрініп отыр. Қазақстан билігі дереу мұндай шешімнен бас тартып, Азаттық тілшілеріне еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек, – деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.

(Committee to protect journalists, CPJ) ұйымы Х желісінде жариялаған жазбасында Қазақстан сыртқы істер министрлігі, Ақорда және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың парақшаларын белгілеген.

СІМ және сот

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 16 тілшісіне аккредитация бермегені жөнінде ақпарат тараған. Ведомствоның басылымға берген жауабында «Азаттық радиосының тілшілері аккредитациясыз жұмыс істеді» делінген.

Азаттық радиосы аккредиттеу туралы құжаттарды уақытылы тапсырғанын айтып, сыртқы істер министрлігін сотқа берген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін де «Азаттық» радиосының журналистеріне аккредитация беруді бірнеше рет кешіктірген. 2024 жылы қаңтарда «RFE/RL-Қазақстан» СІМ сотқа берген. Кейіннен тараптар медиациялық келісімге келген. Журналистерге аккредитация берілген.