Батыс Қазақстан облысының Томпақ ауылында тұрғындар кітапқа қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“КІТАПХАНА ЖАБЫҚ, КІТАП ОҚЫҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ”
Бұл туралы жергілікті тұрғындар Ұлысмедианың “Ауылға жол” жобасында айтып берді.
- Ауылдың кітапханасы бар. Бірақ кітапхана деген жазуы да жоқ, алып тастаған. Осылай тұрғанына он жылдай болды. Балалар кітап оқыса дейміз. Біз де оқығымыз келеді, дейді тұрғын.
Тұрғынның сөзінше, кітапхана болғанымен ол көбіне жабық тұратын көрінеді.
ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ
Тағы бір ауыл тұрғыны жол мәселесін көтерді.
- Жол негізі баяғыдан салынуы керек. Балшық болса ауылға кіріп, шыға алмай қаламыз. Әкім сайланды, ол екі ауылға жауапты. Бірақ әкімнің өзін әлі көрген емеспіз. Бізге келгенде ақшасын жеп қоя ма білмеймін. Негізі ауылдарға ақша бөлінеді ғой, соны “жеп” қойып отыр ғой. Әкім сайланғаннан кейін бүкіл проблеманы шешуі керек, халықпен санасу керек, дейді тұрғын.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін “Ауылға жол” жобасында Батыс Қазақстан облысындағы Үштөбе ауылының тұрғындары ауыз суға зәру болып отырғанын айтқан болатын.