“Тоқтатыңыздар!”. Министр дәрігерлердің соққыға жығылуына байланысты мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Фото: “Наша газета”

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘЛІМДЕМЕ

- Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің айтуынша, ашу мен ызаға бой алдырған адамдардың қатыгез әрекеттері тек жеке дәрігерге емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне кері әсер етеді.

- Негізсіз, ашу мен ызаға бой алдырған қатыгез әрекеттер кезінде өз балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды аман алып қалуға жан салып жүрген дәрігер мен мейіргердің бойын билеген жан жарасы мен қорлығы, қорғансыздығы мен үрейін елестету мүмкін емес, – деді ол.

ЕКІ ОҚИҒА

Министр жақында Қарағанды мен Қостанайда болған екі оқиғаны мысалға келтіріп, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетті.

Оның айтуынша, Қарағандыда жеке клиника мейіргеріне шабуыл жасалса, Қостанай облыстық ауруханасында жас хирург соққыға жығылған.

- Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы ауыр, – деп нақтылады министр.

Министр мұндай әрекеттердің салдары ауыр екенін айтып, шабуыл тек бір дәрігерге емес, ондаған науқасқа, операцияларға, жалпы жүйеге соққы екенін атап өтті.

- Бұл тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл  ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы,  – деді Әлназарова.

Оның мәліметінше, мұндай шабуылдар жиі тіркелетін қабылдау бөлімдері – онсыз да тәуекелі жоғары аймақтар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, күзетті күшейту шараларын қолға алған.

- Ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды. Барлық медициналық ұйымдар бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс, – деді министр.

Сонымен қатар, министрлік медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдарға қатысты жазаны қатаңдатуға бағытталған заңнамалық өзгерістерді 2025 жылғы қыркүйекте Парламентке енгізбек.

- Мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажет, - деді ол.

Министр азаматтарды әрдайым өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырды. Ол бұл тәрбиені балалық шақтан қалыптастыру керек екенін де ескертті.

- Біз балаларға жас кезінен медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуді, алғыс айту мәдениетін үйретуіміз керек, - деді Әлназарова.

Сөз соңында министр Қостанайда соққыға жығылған дәрігерге қатысты мәлімет те берді.

- Ертең дәрігер санитариялық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, білікті мамандардың қатысуымен әрі қарай ем қабылдайды, – деді ол.

Министрлік тарапынан дәрігердің өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті әрі батыл шаралар қабылданатыны айтылды.

ДӘРІГЕРГЕ ШАБУЫЛ

Күні кеше Қостанай облысында өз кезегін күтіп тұрған ер адам операциядан енді шыққан дәрігерді соққыға жыққан болатын