Израиль мен Сирия атысты тоқтату туралы келісімге келді

Сырым Қаржас
Louai Beshara/AFP/Getty Images

АҚШ-тың Түркиядағы арнайы өкілі Том Барак Х-тағы (бұрынғы Twitter) парақшасында Израиль мен Сирия атысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмед аш-Шараа атысты тоқтату режимін енгізуге уағдаласты.

– Израиль премьер-министрі… және Сирия президенті… АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың қолдауымен атысты тоқтату туралы келісімге келді, – делінген хабарламада.

Бұл шешімді Түркия, Иордания және “оның көршілері” қолдады.

Бұған дейін Түркия парламенті Израильдің Сирияға жасаған шабуылдарын айыптап, ресми Дамаск пен бейбіт тұрғындарды қолдайтынын мәлімдеген еді.

15 шілде күні Сирия билігі елдің оңтүстігіндегі Эс-Сувейда провинциясына әскер кіргізді. Онда бірнеше күн бойы бәдәуи жасақтары мен друз қауымының қарулы топтары арасында қақтығыстар болған. Сирияның Адам құқықтарын бақылау орталығының мәліметінше, кемінде 102 адам қаза тапқан. Сонымен қатар Израиль Сирия қарулы күштерінің бас штабын соққы жасаған.