АҚШ Қырғызстанды "ерекше бақылауға" алған

Сырым Қаржас
фото: kaktus.media

АҚШ Қырғызстанды діни еркіндік бойынша «ерекше бақылауға алынатын елдер» тізіміне қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

24.kg мәліметінше АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Қырғызстанды тағы да «ерекше бақылауға алынатын елдер» (Special Watch List) қатарына енгізуді ұсынды. Комиссия Бішкекті діни сенім бостандығын жүйелі түрде бұзып отыр деп айыптап отыр. АҚШ-тың мәліметінше, Қырғызстан билігі діни қызметке кедергі келтіріп, заңнамалық шектеулерді күшейткен. Бұл тұжырым елдегі дін туралы заңға енгізілген жаңа түзетулер аясында жасалған.

КОМИССИЯ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Жаңа заң өзгерістері діни саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Атап айтқанда, діни ұйымдарды тіркеу талаптары қатайып, бұл шағын діни қауымдастықтардың еркін әрекетіне тосқауыл болады. Сондай-ақ бейбіт діни тәжірибеге қарсы айыппұлдар мен әкімшілік шаралар жалғасып келеді. Мұндай шектеулер азаматтардың ар-ождан бостандығына нұқсан келтіріп, қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді, деп бағалады комиссия.

– Бұл шаралар адамдардың өз наным-сенімдері бойынша өмір сүру құқығын шектеп, қоғам ішіндегі тұрақтылықты бұзады. USCIRF Қырғызстан билігін даулы заң нормаларын қайта қарап, халықаралық діни еркіндік стандарттарын сақтауға шақырады. Сонымен қатар, комиссия АҚШ Мемлекеттік департаментіне Бішкекпен арадағы диалогта діни еркіндік мәселесін көтеріп, бақылауды жалғастыруды ұсынады, – делінген USCIRF баяндамасында.