«Әлі де кедергілер жоқ емес» – Гарвард түлегі Талғат Қабдығали Трамптың қысымы жайында

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Гарвард университетінің түлегі Талғат Қабдығали АҚШ президенті Дональд Трамп тарапынан Гарвардқа жасалған қысым, саясат пен либералды дискурс туралы Ulysmedia.kz порталына арнайы сұқбат берді. Төменде сол сұқбаттың үзіндісі берілген.

– Трамп неге Гарвардқа шүйлікті?

– Себебі Гарвард – либералды элитаның символы. Ал республикашылдар үшін бұл – «қауіпті орта». Бұл – АҚШ-тағы идеологиялық соғыстың бір бөлігі. Жеке біздің өзімізге қысым сезілмеді, бірақ affirmative action (этникалық, гендерлік квоталар) жүйесі меритократияға зиянын тигізіп келген. Қазір одан бас тарту үрдісі басталып жатқаны дұрыс қадам деп санаймын. Білім адамның шыққан тегіне қарамастан, жалпы адамзатқа ортақ құндылық болуы тиіс.

– Гарвардта тарихты қайта жазуға талпыныс байқалды ма?

– Бұл тек Гарвардқа ғана емес, АҚШ-тың барлық жетекші университеттеріне тән үрдіс. Мысалы, Американың тарихын 1776 жылдан емес, 1619 жылдан, яғни алғашқы құлдардың келуінен бастау ұсынылады. Бұл – ұлттық бірегейлікті кінә мен нәсілдік қақтығыстар призмасынан қайта құрастыру әрекеті. Ал мен қатысып жатқан бір жобада, керісінше, тарихты идеологиялық ауытқусыз жазу мақсаты қойылып отыр.

– «Америка бұрынғы ұлылығын қайтарсын» деген ұранға көзқарасыңыз қандай?

– Мен оны сәл өзгертіп, Америкаға әлем алдындағы қадір-қасиетін, идеялық тұтастығын қайтару қажет деп айтар едім.

– Сіз солшыл идеологияны сынайсыз. Сонда нақты неге қарсысыз?

– Себебі академияда, Голливудта, БАҚ-та солшыл дискурс үстем. Бұл тек ЛГБТ тақырыбы ғана емес, сонымен қатар экономикадағы пікірлер: қайта бөлу, әлеуметтік әділдік бойынша да байқалады. Трамп билікке келгенде визалық саясат қатаңдады, өйткені Трамп университеттерді либералды ойлау орталығы ретінде қабылдайды.

– Бұл қазақстандық студенттерге әсер етті ме?

– Иә, виза алуда қиындықтар болды. Қазір жағдай сәл тұрақталғанымен, әлі де кедергілер жоқ емес.

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube арнасынан көре аласыздар.