«Тәуелсіз БАҚ-қа жасалған шабуыл»: Human Rights Watch Қазақстан билігін сынады

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Human Rights Watch (HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Азат Еуропа/Азаттық радиосының қазақ қызметінің 16 қызметкеріне аккредитация бермеген Қазақстан сыртқы істер министрлігін сынады. Ұйым аккредитация бермеуді тәуелсіз ақпарат құралына жасалған шабуыл деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

– Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу – Қазақстан билігі тәуелсіз дауыстарды тұншықтыру әрекеттерін күшейтіп жатқанын көрсетеді. Бұл — Қазақстандағы барлық тәуелсіз БАҚ-қа жасалған ескерту, – деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Азаттық журналистерін аккредитациясыз жұмыс істеді деп айыптаған министрлік өз шешіміне нақты дәлел келтірген жоқ, егер аккредитациядан бас тартса, себебін жазбаша түрде нақты көрсетуі тиіс, дейді құқық қорғаушы ұйым.

Халықаралық ұйым СІМ шешімі Қазақстан қосылған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт нормаларын да бұзады деп көрсеткен. Аталған пакт ақпаратты іздеу, алу және тарату, сондай-ақ ешқандай кедергісіз өз пікірін білдіру құқығына кепілдік береді.

Human Rights Watch Қазақстан үкіметін бұл шешімді дереу кері қайтарып, Азаттық радиосы журналистеріне кідіріссіз аккредитация беруге шақырған.

Аккредитация дауы және сот

Азаттық радиосы 16 тілшісіне аккредитация бермеген соң сыртқы істер министрлігін сотқа берген. СІМ сотқа дейінгі бітімге келуден бас тартқан.

Сыртқы істер министрлігі аккредитация бермеу себебін «Азаттық радиосы тілшілері тиісті аккредитациясыз жұмыс істеді» деп түсіндірген.

Азаттық радиосы Қазақстан заңы талаптарын орындай отырып, аккредиттеу туралы өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын, яғни уақтылы бергенін, бірақ министрлік нақты себебін айтпастан, өтінішті қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқанын айтқан.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін де «Азаттық» радиосының журналистеріне аккредитация беруді бірнеше рет кешіктірген. 2024 жылы қаңтарда «RFE/RL-Қазақстан» СІМ сотқа берген. Кейіннен тараптар медиациялық келісімге келген. Журналистерге аккредитация берілген.