Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Мали қарулы күштері мен ресейлік жалдамалы ЧВК «Вагнер» жасағын рейдтер кезінде жергілікті фулани халқының ондаған бейбіт тұрғынын өлтірді және ұрлап алып кетті деп айыптады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Human Rights Watch халықаралық ұйымы жариялаған құжатта: «Кейінгі үш жылда Мали әскері мен Ресейдің жалдамалы ЧВК «Вагнер» жасағы 12 бейбіт тұрғынды өлтіріп, 81 адамды ұрлап алып кетті» деп жазылған.
30 наурызда Мали қарулы күштері мен «Вагнер» жасағы Белиданеджи қаласына кіріп, сотсыз, тергеусіз алты адамды өлтірген.
– Олар менің көзімше досымның денесінен атып өлтірді. Әскерлер кеткен соң, біз бес адамның мәйітін таптық. Бір жаралы адамды ауруханаға жеткіздік. Бірақ ол кейіннен қаза болды, – деген 47 жастағы жергілікті тұрғынның сөзінен үзінді жариялаған Human Rights Watch ұйымы құжатта.
Ұйым «Вагнер» мен Мали әскері қолынан қаза болғандар саны одан да көп болуы мүмкін дейді. БҰҰ растаған дерек бойынша, сәуірде «Вагнер» мен Мали әскері Каес аумағындағы Себабугу ауылында 65 шаруа мен саудагерді өлтірген.
«ВАГНЕР» ЖӘНЕ МАЛИДЕГІ ӘСКЕРИ ХУНТА
2021 жылы мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде билікке келген Малидің әскери хунтасы француз әскерлерін елден шығаруды талап етті. Олардың орнына елдің жаңа билігіне Ресейдің жалдамалы «Вагнер» жасағын кіргізген.
Хунта өкілдері алдымен Малиде ресейлік жалдамалылардың барын жоққа шығарды, ал Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Кремльдің «Вагнермен» де, Африкада болып жатқан оқиғалармен де байланысы жоқ деп мәлімдеді.
ПУТИННІҢ МОЙЫНДАУЫ
Ресей әскері Украинаға басып кірген соң, ЧВК «Вагнер» жасағының басшысы Евгений Пригожин ресми Мәскеуге қарсы шығып, кейіннен жұмбақ жағдайда қаза болған соң президент Владимир Путин «Вагнер» жасағын Кремль қаржыландырғанын мойындаған. Бірақ ол ресми құжаттарда көрсетілмегенін айтқан.
Биыл маусымның басында жалдамалы «Вагнер» жасағына жақын «Разгрузка Вагнера» Telegram арнасы «Вагнердің» Малиден кеткені туралы жазған.