Адамдар сенуден қалды: Перизат Қайрат қайырымдылыққа деген көзқарасты қалай өзгертті

Мейірман Лес
Ulysmedia коллажы

Перизат Қайратқа қатысты атышулы сот процесі екі апта бойы жұрттың назарында болды. Мыңдаған адамның "сүйіктісі" атанған блогер мен қайырымды инфлюенсерге 3,5 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылды. Бұл ақша қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек ретінде қазақстандықтардан жиналған еді. Осыдан кейін ақша жинап, біреуге көмектесуге уәде беретіндерге қалай сенім артуға болады?

 Ulysmedia.kz тілшілері осы сұрақты Астана тұрғындарына қойып көрді.

“СЕНІМ ҚАЛҒАН ЖОҚ”

Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты істі қадағалап отырғандар көп болып шықты. Астаналықтардың бірі сот процесінің өзге қайырымдылық жасаушыларға да күмән тудырғанын айтты.

– Қайырымдылық — игі іс, бірақ интернет арқылы ақша берген адам ол кімге кеткенін көрмейді. Сондықтан қазір оған ешкім онша сене қоймайды.

– Өзім кейде саябақта жүрген еріктілерге балаларды емдету үшін ақша беремін, бірақ ірі көлемде берген емеспін.

– Меніңше, бақылаушы органдар бұл процесті реттеп, ақша қайда кетіп жатқанын бақылауы керек. Қалай болғанда да, қайырымдылық ұйымдастыратын адамның ар-ұятына байланысты, – дейді қала тұрғындары.

Перизат Қайратқа дейін де блогерлер арқылы ақша жинауға сенбегендер болған.

– Ақша берсем, тек паналау үйлеріне және аз ғана. Блогерлерден нақты нәтиже талап ету керек деп ойлаймын – ақша неге жұмсалды, соны көрсетуге тиіс. Онлайн жинайтындарға сене бермеймін, себебі әлеуметтік желідегі жарнамаларға қарап бәрі шын деп ойлау қиын.

– Өзім ешбір қорға сенбеймін. Бізде ешқайсы ашық емес. Көбіне нақты адамды білсем, өзіне көмектесемін. Қажет емес заттарымды да тапсырамын. Блогерлер жиі ақша жинау науқанын бастайды, бірақ ол қаражат дәл мұқтаж адамға жете ме?

СЕНІМІН ЖОҒАЛТПАҒАНДАР

Оптимистік көзқарасын сақтағандар да бар.

– Мен сенемін. Шын жүректен алғыс айтылып жатқан адамдар бар. Өзім жиі ақша бермеймін, бірақ екі-үш рет символикалық сома аударғанмын. Тексеріп көрмеймін, есеп те сұрамаймын. Балалар үшін сұраса, жүрегің елжірейді. Бірақ мемлекет те көмектесуі керек, – дейді бір тұрғын.

Тағы бір жас жігіт қайырымдылық қорлары жайлы аса біле бермейтінін, алайда отандастарына көмектесуге әрқашан дайын екенін айтты.

– Қайырымдылыққа ақша бермеймін, бірақ ұйымдар жайлы естігенмін. Болашақта беретін шығармын. Қазақстанда біреу зардап шексе, көмектесемін – бұл менің азаматтық парызым, – деді ол.

ТУРИСТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Сауалнама барысында тілшілер шетел азаматтарын да жолықтырды. Олар Перизат Қайрат ісінен хабарсыз, бірақ өз елдеріндегі қайырымдылық мәдениеті туралы айтып берді.

Моңғолиялық турист Қазақстандағы қайырымдылықпен айналысатын блогерлерді танитынын айтты. Бірнеше рет үлесін де қосқан.

– Сенуге болатын блогерлер бар. Жақында бетперде киіп жүретін бір адамды көрдім. Оған сенемін. Видео түсіріп, ақша қайда кеткенін көрсетеді, бірақ соманы айтпайды. Есесіне ай сайын есеп жасап отырады. Моңғолияда ондай жоқ. Блогерлер бар, бірақ ақша жинамайды. Өзім бірнеше рет көмектестім, – деді ол.

АҚШ азаматы Қазақстандағы қайырымдылық жайлы бейхабар екен, бірақ өз елінде үнемі көмек көрсететінін айтты.

– Онлайн болса, кейде ғана, бірақ кімге беріп жатқанымды тексеремін. Бір жолы 5 доллар аударғанмын, – деді ол.

Айта кетейік, Перизат Қайрат ісі көпшілікті таңғалдырды – мектепті де бітірмеген қыз осыншама қомақты қаржыны қалай қолды қылды деген сұрақ көптің көкейінде тұрды.

Прокурор Мәдина Оразалина соттағы сөзінде Перизаттың тек заң алдында емес, қазақстандықтардың моральдық құндылықтарына қарсы әрекет еткенін, “Аманат” ұғымын аяққа таптағанын айтты.

Ал Перизат Қайраттың өз жауабы мен кінәсіз екенін қалай дәлелдегені белгісіз. Өйткені оның жауабы мен дәлелдер жабық режимде қаралды. Бұл құпиялық көпшілік арасында күмән тудырып, “ол жалғыз емес, ықпалды қолдаушымен бірге әрекет еткен” деген пікірлер тарады.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Перизат Қайраттың бір өзі 3,5 миллиард теңгені қолды еткеніне сенбейді. Ол істің жартылай жабық өтуінің саяси астары бар деп есептейді. Сөзінше, даулы қорға қатысы бар өзге де лауазымды тұлғалардың атын жасыру үшін істі жартылай жабық өткізуге жоғары билікте саяси шешім қабылдануы мүмкін.

Сот Перизат Қайратты 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі.

Дегенмен сот үкімінен кейін адвокат Асланбек Дәулетияров мәлімдеме жасап, Перизат Қайраттың артында ешқандай ықпалды адам тұрмағанын, істің саяси астары жоқ екенін айтты.