Өзбекстанда кедей халық саны азайған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Өзбекстанда кедейлік деңгейі төмендеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев халықты жұмыспен қамту және кәсіби білім беру саласындағы жаңа тәсілдер бойынша дайындалған таныстырылыммен танысты. Жыл басынан бері бұл салада халықаралық тәжірибе негізінде жаңа модельдер енгізілуде. Атап айтқанда, банк жүйесі махаллялармен тығыз байланыс орнатып, халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсетуде. Тек бірінші жартыжылдықтың өзінде 3 миллионнан астам адам табысты еңбекпен қамтылған.

– Кедейлік деңгейін төмендету үшін құрылған жүйе мен осы мақсатқа бағытталған қаражат алғашқы нәтижелерін бере бастады. 1 шілдедегі жағдай бойынша елдегі кедейлік деңгейі 6,8 пайызға дейін төмендеді, – делінген ресми хабарламада.

ШОБ ҮШІН ҚИЫНДЫҚ

Алайда еңбек қатынастарына қатысты кейбір ережелер шағын және орта бизнес үшін қиындықтар туғызуда. Қызметкер жалдау процесінде цифрлық технологиялар толық пайдаланылмайды. Қолданыстағы талаптар жұмыс берушілерді бос жұмыс орындарын ашық жариялауға ынталандырмайды. Бұл еңбек нарығына қатысты статистиканың бұрмалануына әкеп соғады және кадр даярлаудың өзекті бағыттарын анықтауға кедергі келтіреді.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАҒЫ ТРАНСФОРМАЦИЯ

Жаңа тәсілдерге сәйкес, жұмыспен қамту органдары бақылаушы құрылымдардан жұмыс берушілерге серіктес болатын қызмет көрсету орталықтарына айналуы тиіс. Атап айтқанда, бос жұмыс орындары туралы ақпарат бермегені немесе жолданған үміткерді қабылдаудан бас тартқаны үшін салынатын айыппұлдар жойылады.

Бұл шешім еңбек нарығы бойынша нақты мәліметтер жинауға және жұмыссыздарды лайықты жұмыс орындарына бағыттауға мүмкіндік береді. Қабылдау шешімі жұмыс берушінің құзырында қалады. Осы модельді іске асыру үшін алдымен Ташкент қаласында арнайы электронды платформа сынақ режимінде іске қосылады, кейін бүкіл ел бойынша таратылады.

КАДР ДАЙЫНДАУ

Сонымен қатар, маман табу қиын салалардағы бос жұмыс орындары кәсіптік оқытудың басым бағыттары қатарына енгізіледі. Бұл кадр даярлау жүйесін мақсатты түрде ұйымдастыруға жол ашады.

МИРЗИЕЕВ НЕ ДЕЙДІ

Шавкат Мирзиеев өз сөзінде білікті мамандар даярлау – елдегі жұмыссыздық пен кедейлікті азайтудың басты тетіктерінің бірі екенін ерекше атап өтті.