Песков Трамп пен Путин қай қалада бетпе-бет кездесуі мүмкін екенін айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Қытайда кездесуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Дональд Трамп пен Владимир Путин биыл бірнеше рет телефон арқылы сөйлескенімен, әзірге кездеспеген.

РИА Новости мәліметінше, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен АҚШ президенттерінің мүмкін болатын кездесуі туралы журналистердің сұрағына жауап берген.

- Кездесуге қатысты нақты дайындық жүріп жатқан жоқ, өйткені келісілген ешқандай байланыс жоқ, – деді.

Сонымен қатар, Владимир Путин қыркүйек айының басында Қытайға сапарға дайындалып жатыр.

- Егер АҚШ президенті дәл осы күндері Қытайға бару туралы шешім қабылдаса, онда екі ел басшылары бір қалада болған жағдайда кездесу мүмкіндігін теориялық тұрғыда жоққа шығаруға болмайды, – деп толықтырды Песков.

КОНТЕКСТ

Шілде айының ортасында Дональд Трамп Ресейге қатты наразы екенін мәлімдеп, Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде келісімге келмесе, шамамен 100 пайыз көлемінде қосымша кедендік баж салығы енгізілетінін ескерткен. Ол бұл мәселеге 50 күн уақыт белгілеген. Сонымен қатар, АҚШ президенті ешбір тарапты жақтамайтынын да айтқан.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамптың стилін «бүтіндей алғанда, едәуір қатаң» деп бағалады. Оның айтуынша, Ресей АҚШ-пен диалогты жалғастырып, «елеулі түрде бұзылған екіжақты қарым-қатынасты қалпына келтіруге бағытталған саясатты» ұстануға ниетті. Кремль Трамптың баж салығы туралы мәлімдемесін «аса маңызды» деп атап, оларды мұқият талдауға уәде берді.