Агросектордағы аудит нәтижесінде мемлекетке 4,4 млрд теңге қайтарылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасында ветеринариялық-санитариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

ТОЛЫҒЫРАҚ
Аудиторлық іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігін, оның жекелеген комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарын, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясын, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын, «QazBioPharm» ұлттық холдингін, бейінді жоғары оқу орындары мен өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қамтыды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде аграрлық сектордың Қазақстан үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

- Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, — деді Президент.

СТАТИСТИКА

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 8,3 трлн теңгеге жеткен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9% көп. Жалпы көлемнің ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 5 трлн теңге (60,2%), мал шаруашылығы өнімі 3,2 трлн теңге (39,6%) болды. Дегенмен жүргізілген мемлекеттік аудит республикадағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежейтін бірқатар мәселені анықтады. Олардың қатарында бағдарламалық құжаттардың арасында үйлесімділіктің болмауы, өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіштерінің сақталмауы және азық-түлік қорларына мониторингтің жеткіліксіздігі сияқты проблемалар бар.

Мәселен, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі әлі де 80%-ға жетпейді, ал қолданылып жүрген есептеу әдістемесі физиологиялық тұтыну нормаларын ескермейді.

Азық-түлік қорларын есепке алу және бақылаудың автоматтандырылған жүйесі әлі де енгізілмеген, бұл мұндай тауарлардың бар-жоғы және қозғалысы туралы деректердің нақтылығына әсер етеді.

ТАҒЫ ҚАНДАЙ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша да олқылықтар бар. Ветеринариялық зертханалардың 87%-дан астамы халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша аккредиттелмеген. 396 млн теңгеден астам сомаға ветеринариялық препараттарды сатып алу рәсімдерін бұзу фактілері анықталды. 101 шегаралық өткізу пунктінің 24-і фитосанитариялық бақылаумен қамтамасыз етілмеген.

Мемлекеттік аудиторлар ауыл шаруашылығының ғылыммен қамтылу деңгейінің төмен екенін де атап өтті. 2023 жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің небәрі 0,26%-ын құраған. Ғылыми зерттеу нәтижелерінің жеткілікті қолданыс таппауы саланың дамуын тежейді.

ТИІМСІЗ ШЫҒЫНДАР

Жалпы аудит барысында 179 млн теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және 66,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

Аудит нәтижесінде аудит объектісі тиісті шаралар қабылдап, мемлекет активтеріне 4,4 млрд теңге өтелді.

Жоғарғы аудиторлық палата ҚР Үкіметі мен аудит объектілеріне анықталған заңбұзушылықтар мен мәселелерді жою үшін қажетті ұсыныстар мен тапсырмалар берді.