Болат Өтемұратов The Ritz-Carlton Vienna қонақүйін Burj Khalifa негізін қалаушысына сатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Forbes.kz мәліметінше, қазақстандық бизнесмен Болат Өтемұратов бақылайтын «Верный Капитал» инвестициялық тобы бес жұлдызды The Ritz-Carlton Vienna қонақүйін араб миллиардері, Emaar Properties және Eagle Hills компанияларының негізін қалаушы Мохамед Алаббарға сатқан. Келісім 2025 жылғы қаңтарда аяқталған. Австриялық БАҚ дерегі бойынша, мәміле құны шамамен 110 млн еуро болған.
ҚОНАҚҮЙ ЖАЙЛЫ
The Ritz-Carlton Vienna қонақүйі Австрия астанасының ең беделді аудандарының бірі – Рингштрассе орталық көшесінде орналасқан. Қонақүйде 200 нөмір, екі мейрамхана, екі бар және іс-шараларға арналған тоғыз зал бар.
ТАРИХЫ
Өтемұратовтың компаниясы қонақүй ғимаратын 2012 жылы сатып алған. Осыған дейін Marriott компаниясымен Ritz-Carlton брендімен ұзақ мерзімді басқару келісімшарты жасалған болатын.
ТАБЫСЫ
Forbes Austria дерегі бойынша, The Ritz-Carlton Vienna қонақүйінің жылдық кірісі шамамен 40 млн еуроға бағаланған. Орташа толымдылығы – 75%.
БОЛАТ ӨТЕМҰРАТОВ
Болат Өтемұратов Қазақстандағы ең ықпалды әрі бай бизнесмендердің бірі. Ол банк секторы, телекоммуникация, жылжымайтын мүлік және тау-кен өндірісі салаларында ірі активтерге ие.