Астанадағы Джей Ло концерті: адамдар қысылып, әйелдер жанжалдасып қалды

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Астанада өткен Дженнифер Лопестің концерті қызу ажиотажпен аяқталды. Шарадан кейін стадион маңында көлік кептелісі болып, шыға берістерде адамдар бірін-бірі итеріп, әйелдер арасында жанжал туындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Куәгерлердің айтуынша, концерт аяқталған соң “Астана Арена” стадионынан мыңдаған көрермен бір мезетте сыртқа шығуға тырысқан. Бұдан соң жақын маңдағы жолдарда ұзын-сонар кептеліс пайда болып, шыға берістерде адамдар бірін-бірі итере бастаған.

Кейбір көрермендердің сөзінше, жанжал тіпті концерт кезінде басталған.

– Әйелдер төбелесіп қалды, қысылып қалғандар да болды. Көп әйел алдыңғы қатарға өтуге тырысып, итере бастады, соның салдарынан адамдар қысыла бастады, – дейді куәгерлер.

Айта кетейік, бұл – Дженнифер Лопестің Астанадағы алғашқы концерті. Әншінің Қазақстандағы келесі концерті 10 тамызда Алматыда өтеді.