АҚШ-тың поп-әншісі Дженнифер Лопестің Астанада өткен концерті кезінде полицияға бірнеше баланың жоғалғаны туралы шағым түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, концерт өткен жерде Астана полиция департаментінің мобильді жедел штабы жұмыс істеген.
– Концерт кезінде жоғалған балалар мен заттар туралы бірнеше өтініш келіп түсті. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында барлық бала табылып, ата-анасымен қауышты. Жоғалған заттар иелеріне жеткізілді, – делінген хабарламада.
Шетелдік қонақтарға туристік полиция қызметкерлері көмек көрсетті.
Қоғамдық тәртіпті патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, криминалдық полиция мен жол-патрульдік қызмет қызметкерлері қамтамасыз етті. Олар жол қозғалысын реттеп, жол-көлік оқиғаларының алдын алды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Астанадағы Джей Ло концертінде адамдар қысылып, әйелдер жанжалдасып қалған еді.
АНЫҚТАМА
Дженнифер Лопестің концерті 2025 жылғы 1 тамызда “Астана Арена” стадионында өтті. Бұл — әншінің Қазақстандағы алғашқы концерті. Шараға өзге елдерден келген қонақтарды қоса алғанда, ондаған мың көрермен жиналды.