3 тамызға қараған түні Ресей армиясы Украинадағы Николаев қаласының тұрғын ауданын зымыранмен атқылады. Бұл туралы облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Виталий Ким мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Украина төтенше жағдайлар мемлекеттік қызметінің мәліметінше, шабуыл салдарынан үш жеке үй қирап, тағы 23 жеке үй мен 12 көпқабатты үй зақымданған.
Сондай-ақ алты көлік, пошта бөлімшесі мен құрылыс материалдары дүкені бүлінген. Оқиға орнында 1 500 шаршы метр аумақты шарпыған өрт шыққан, оны сөндіру мүмкін болды. Құтқарушылар үйінділерді аршуды жалғастырып жатыр.
ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР
Жеті адамның жараланғаны белгілі болды. Олардың төртеуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген. Тағы үш ер адам ауруханаға жеткізілді: 57 және 74 жастағы екі азаматтың жағдайы – орташа ауыр, ал 32 жастағы азаматқа амбулаториялық көмек көрсетілді.
АНЫҚТАМА
Николаев – Украина оңтүстігіндегі майдан шебіне жақын орналасқан қалалардың бірі. Ресей армиясы бұл аймақты жиі атқылайды. Тұрғын аудандарға соққылар соғыс басталған алғашқы күндерінен-ақ тіркеліп келеді.